Екібастұз бүлдіршіндер үшін «мүмкіндіктер қаласына» айналды

Екібастұз бүлдіршіндер үшін «мүмкіндіктер қаласына» айналды
Фото: Екібастұз қаласының білім бөлімі

Балаларды қорғау күнінде мектеп оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балалар өз қызығушылығына сай кәсіп таба алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 маусым таңы ерекше бағыттармен басталды.

Балалар өздерін құтқарушы ретінде сынап көріп, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты, арнайы техникалардың кабинасына отырып, қауіпсіздік ережелерін үйренді. Кейін олар үшін робототехника бойынша шеберлік сыныптары, шығармашылық зертханалар, спорттық және музыкалық алаңдар өз есігін айқара ашты, – делінген хабарламада.

Мерекелік шаралар қаланың бірнеше нүктесінде қатар ұйымдастырылып, Екібастұзды балалар мүмкіндіктерінің үлкен интерактивті картасына айналдырды. Өрендер заманауи технологияларды, шығармашылықты, ұлттық өнерді және түрлі білім беру бағыттарын қызыға тамашалады.

Басты алаңдардың бірі – «Самғау» балалар шығармашылық орталығында «Екібастұздың бақытты балалары» атты бейіндік лагерь ашылды. Қатысушылар үшін жазғы бағдарламаларды қамтитын (спорт пен туризмнен бастап, инженерлік және шығармашылық бағыттарға дейін) 21 интерактивті алаң дайындалды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да баса назар аударылды: жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында олар қатарластарымен тең дәрежеде барлық шараларға белсене қатысты.

– Бүгінгі мереке балалық шақтың қаншалықты сан қырлы болатынын көрсетті. Біреу өрт сөндіру көлігінің руліне алғаш рет отырса, енді бірі робототехникада бағын сынады, ал кейбірі сахнаға шықты. Әр баланың өз қабілетін ашып, сүйікті ісін табуы өте маңызды, – деп атап өтті Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Балабақша тәрбиеленушілері мен Естай атындағы музыка мектебі оқушыларының өнері мерекенің көркін қыздырды. Сондай-ақ «Жұлдыздар шеруі» аясында шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Мектеп жанындағы лагерьлер мен бейіндік алаңдар өз жұмысын бастап кетті. Жалпы, жазғы уақытта 22 мыңнан астам баланы түрлі демалыс және бос уақытты тиімді ұйымдастыру шараларымен қамту жоспарлануда.