Павлодарда облыстық волонтерлік отрядтар слеті өтті

Оқушылар бес бағыт бойынша жобалар дайындап, қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оқушылар сарайында «Біртұтас тәрбие» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қамқор» жобасының облыстық волонтерлік отрядтар слеті ұйымдастырылды. Бір күнге созылған мазмұнды шараға 11–17 жас аралығындағы 100-ге жуық жас белсенді қатысты.
Слеттің мақсаты – өңір жастарын біріктіріп, волонтерлік бастамаларды қолдау арқылы олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және көшбасшылық қабілеттерін дамыту. Қатысушылар бес бағытта жұмыс істеді: эковолонтерлік, медиаволонтерлік, төтенше жағдай кезіндегі көмек, көшбасшылық және тимбилдинг. Топ жетекшілері үшін скауттық бағыт бойынша арнайы бағдарлама ұсынылды.
Шара барысында оқушылар шағын жобалар әзірлеп, оларды қорғады. Сонымен қатар, «Эмоциялық күйзеліс: мотивацияны қалай сақтаймыз?» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.
Слетке арнайы келген спикер қатарында «Жас Ұлан» ұйымының өкілдері және елордалық волонтерлік штаб жетекшісі Ақбота Ақмамбет болды.
Қорытындыда үздік командалар мен жетекшілер алғыс хаттармен марапатталды.
Шара жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, еріктілік қызметтің маңызын көрсетті. Алдағы уақытта жоба аясында жаңа идеялар жүзеге асырылады деп күтілуде.