Павлодарлық студенттер жасанды интеллект саласындағы ірі байқауда топ жарды
Қатысушылар OpenAI және NVIDIA технологиялық алпауыттарының ресурстары мен API-токендеріне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлемдегі ең ірі AI-хакатонда 2 500-ге жуық студент, әзірлеуші және жас маман энергетика, қаржы, логистика, білім беру және мемлекеттік басқаруды қоса алғанда, 10 бағыт бойынша жасанды интеллект шешімдерін әзірледі.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 220 000 АҚШ долларын құрады. Оның құрамына ақшалай сыйлықтар, OpenAI токендері және AI-Farabium суперкомпьютерінің есептеу ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігі кірді. Байқауға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және OpenAI, NVIDIA, Silkroad Innovation Hub секілді жаһандық серіктестер қолдау көрсетті.
Ұсынылған 1 066 AI-шешімнің ішінен финалға тек 60 жоба ғана өтті. Олардың қатарында павлодарлық студенттердің жобалары да болды.

Demo Day қорытындысы бойынша Торайғыров университетінің студенттері үш бағыт бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.
«Білім беру» бағыты бойынша Ян Курманбаев үздік деп танылды. Ол кәсіпкерлер мен студенттік командаларды біріктіріп, бизнес-міндеттерді шешуге арналған платформаны әзірледі.
«Энергетика» бағыты бойынша екінші орынды Александр Поляков пен Роман Устименко иеленді. Олар RentBox командасының құрамында WindCast жобасын ұсынды. Бұл – ауа райы деректерінің негізінде жел турбиналарының энергия өндіру көлемін болжауға арналған интеллектуалды жүйе.
«Инновациялар» бағыты бойынша үшінші орынды Станислав Кириченко мен Ислам Күленов иеленді. Олар Alabala – ToU командасының құрамында QORIT жобасын әзірледі. Бұл – қазақ және орыс тілдеріндегі жиналыстардың аудиожазбаларын автоматты түрде тапсырмалар мен олардың орындалу мерзімдері көрсетілген құрылымдалған хаттамаларға айналдыратын жасанды интеллект қосымшасы.
Университет өкілдерінің айтуынша, қол жеткізілген нәтиже студенттік әзірлемелердің жоғары әлеуетін, сондай-ақ жоғары оқу орнының цифрлық құзыреттерді дамыту және жастардың технологиялық бастамаларын қолдау бағытындағы жұмысының тиімділігін дәлелдейді.