Павлодарлық жас домбырашылар республикалық байқауда топ жарды
Олар қазылар алқасын тәнті етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының өнер сүйер қауымы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен «ALTYN QANAT» республикалық көп жанрлы байқауында жастардың жарқын өнеріне куә болды. Әртүрлі жанрда бақ сынаған жас таланттардың ішінде «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының домбыра үйірмесінің тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті.
– Өнерпаздар аспаптық орындау номинациясында қазақтың терең мазмұнды «Нәр ағашы» күйін шебер орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Күйдің нәзік те өр рухын дәл жеткізе білген жас домбырашылар байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды, – деді орталықта.
Ансамбльді жоғары нәтижеге жеткізген жетекшісі – Арсен Бейсенов. Орталық ұжымы жеңіске себепкер болған ұстаздың еңбегін ерекше атап өтіп, өнерпаздарды құттықтады.
Сонымен қатар, домбырашылардың ұлттық нақыштағы сахналық костюмдері де көрермендердің назарын аударды. Көркем киімдерді орталықтың этнодизайнері Әсел Бекжігіт арнайы әзірлеген. Бұл – шығармашылық үйірмелер арасындағы бірліктің, кәсіби үйлесімділіктің және ата-аналармен тығыз ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
Өнерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлықтың нәтижесінде келген бұл жеңіс – ұжым үшін ғана емес, қаланың мәдени өмірі үшін де зор жетістік.