Павлодарда көзі көрмейтін жандарға арналған кітапхана жөндеуден өткізіледі

Павлодарда көзі көрмейтін жандарға арналған кітапхана жөндеуден өткізіледі
Фото: ӨКҚ

Мекеме заманауи үлгіде жабдықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана 1970 жылы құрылған. Ғимаратты биыл жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Осы жылдар ішінде кітапхана көру қабілеті нашар адамдармен ғана емес, халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарымен жұмыс жасайтын оңалту, ақпараттық, әдістемелік, әлеуметтік-мәдени орталыққа айналды. Кітапхананың негізгі бағыттары – ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және қоғамға бейімдеу үшін жағдай жасау.

Бөлімде бірегей маман – кітапханашы-оқырман маманы қызмет етеді. Кітапханашы-оқырман оқырмандардың сұранысы бойынша, әртүрлі тақырыптық бағыттарда топтық және жеке дауыстап оқу үйірмесін жүргізеді. 

– Кітапханада тифлоқұралдармен жабдықталған компьютерлік сауаттылыққа үйрету қызметтері бар. Сондай-ақ зағип ересек жандар Брайль жүйесімен жұмыс істейді. Кітапханашы брайлист баспа әдебиетін бедерлі нүктелі форматқа көшірумен (аударумен) айналысады, – дейді кітапхананың тұрақты оқырманы Еркін Баяндин.

Бұдан бөлек, мұнда көру қабілеті бұзылған балалардың сипап сезу сезімін және қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған «Ұшқыр саусақтар» атты тифлопедагогикалық және кітапхана іс-әрекетінде тақырыптық подкастингті пайдаланатын «Кітаппен дос» атты ұзақ мерзімді жобалары бар. 

Алдағы уақытта аудио формат бойынша С.Дөнентаев, С.Баязитов, М.Жаманбалинов, Ж.Садықов, Л.Бевз, А.Казақовтың және «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың  шығармаларын шығаруды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, атақты жазушылардың мемлекеттік тілдегі шығармаларына басымдық беріледі.