Павлодарлықтар банкроттыққа не үшін өтініш береді?
Банкроттыққа өтінішті ойланып берген дұрыс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов мәлім етті.
– Банкроттық – егер де жеке тұлға қарыздары көбейіп, құтыла алмай жатқан жағдайдағы жасалатын соңғы шара. Алайда бұл шараның өз кемшіліктері бар. Мәселен, егер жеке тұлға банкроттыққа өтініш берсе, жеті жыл несие ала алмайды және бес жыл қайта банкрот бола алмайды, үш жыл бойы қаржылық мониторинг жасалады, – дейді Ержан Тоқтарханов.
Басқарма басшының айтуынша, банкроттыққа өтінішті осы шарттарға қарап, ойланып берген жөн. Сондай-ақ, тұрғынның тек банкте, коллектрлік агенттікте, микроқаржы ұйымдарының алдында ғана қарыздары болуы тиіс. Егер одан басқа да берешектері болатын болса, бұл шара сотта қаралады.
Егер азаматтың бес жарым миллионнан астам несие немесе қарыз болатын болса, оның өтініші сотта қаралады.
– Қазіргі уақытта павлодарлықтар соттан тыс банкроттыққа 2500-ге жуық өтініш берді және оның 100-і оң қаралды. Есептен шығарылған қарыздар сомасы 220 миллион теңгеден асты. 100-ге жуық тұрғын өтініштерді қайтарып алды, 1899 өтініштен шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды, 400-ден астамы қаржылық мониторингтен өтуде, – дейді Ержан Тоқтарханов.
Спикердің сөзінше, борышкерлерді банкрот деп тану туралы ең көп шешім облыс орталығында қабылданған. Дәлірек айтқанда, Павлодар қаласында – 68 шешім, Екібастұз қаласында – 60, Ақсу қаласында – 8, Павлодар ауданынан – 19 шешім.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттық процедурасына қатысты облыс бойынша 500-ден аса азамат банкроттыққа өтініш білдірген. Оның ішінде, Павлодар қаласынан – 194 өтініш, Екібастұздан – 152, Ақсу қаласынан 54 өтініш түскен.