Павлодарда өнегелі жас отбасыларды анықтайды

Павлодарда өнегелі жас отбасыларды анықтайды
Фото: Константин Шелков

9 қыркүйек күні жастар бастамаларын дамыту орталығында «Өнеге» байқауының ақтық мәресі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның ұйымдастырушылары – «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы. 

– Сайысқа қатысу үшін облыс аумағында тұратын, өтінімді тапсыру кезінде ерлі-зайыптылардың екеуінің жасы 29 жастан (қоса алғанда) аспайтын отбасылық жұптар шақырылады. Конкурс аралас форматта екі кезеңде өткізіледі: бірінші кезең өтінім беруден тұрады. Іріктеуден өткен отбасылық жұптар конкурстың   екінші кезеңіне жіберілді, – дейді ұйымдастырушылар. 

Екінші кезең өз отбасының тұсаукесері/визит карточкасы нысанындағы үй тапсырмасынан (ауызша әңгіме, бір-бірімен танысу тарихы, отбасы тарихы туралы 5 минутқа дейінгі бейне-презентация не слайдтар), сондай-ақ ұзақтығы 10 минуттан аспайтын, қатысушылар үшін ыңғайлы (кез келген нысандағы ән, би, күй, дуэт) шығармашылық өнерден тұрады.   Сондай-ақ сайыстың ақтық мәресінде ерлі-зайыптыларға сахнада қосымша тапсырмалар беріледі.   

10 номинация бойынша үздік атанған және І, ІІ, ІІІ жүлделі орындарды иеленген отбасылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.