Павлодарлық ана перинаталдық орталық дәрігерлеріне алғыс білдірді

Павлодарлық ана перинаталдық орталық дәрігерлеріне алғыс білдірді
Фото: автор

Павлодар қаласының тұрғыны Назым Смағұлова облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 30 қазанда оның ұлы Хақназар Оразалы мерзімінен бұрын, небәрі 580 грамм салмақпен дүниеге келген. Анасының айтуынша, сәбидің өмірі үшін күрескен алғашқы күндер аса ауыр әрі шешуші болған.

— Сол қиын сәттерде әрбір грамм мен әрбір тыныс маңызды еді. Дәрігерлер мен медбикелердің кәсібилігі мен жанқиярлығының арқасында біз бұл сынақтан өте алдық, — дейді жас ана.

Назым Смағұлова жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Эльвира Сүлейменоваға, сондай-ақ бөлімнің барлық қызметкерлеріне ерекше алғыс білдірді.

— Олар біз үшін жай ғана маман емес, нағыз тірек пен үміт болды. Ең қиын сәттерде жанымыздан табылып, қолдау көрсетіп, сенімімізді жоғалтпауға көмектесті, — деп атап өтті ол.

Қазіргі таңда сәби біртіндеп оңалып келеді. Анасының айтуынша, әрбір жаңа күн — үлкен жеңіс. Хақназар бір ай бірге жатқан анасымен бірге бүгін үйге оралмақ, бүгінде оның салмағы үш келі 724 грамм.

— Біздің баламыз — нағыз күрескер. Кішкентай болса да, өте мықты. Оның әрбір жетістігі — дәрігерлер еңбегінің нәтижесі, — дейді анасы.

Смағұловтар отбасы барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың еңбегін «сақталған өмірлер мен бақытты отбасылар» деп бағалады.