Павлодарда обырды емдеуге арналған жаңа аппарат іске қосылды
Жаңа технология жылына 1500-ге жуық науқасқа көмек көрсетпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық онкологиялық диспансерде қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға арналған заманауи желілік үдеткіш кабинеті ашылды. АҚШ-та өндірілген жоғары технологиялық қондырғы сәулелік терапияның дәлдігін арттырып, радиациялық әсерді ісік ошағына бағыттауға және оның айналасындағы сау ағзалар мен тіндерді барынша қорғауға мүмкіндік береді.
Мамандардың жоспарына сәйкес, аталған құрылғы арқылы жылына 1200-1500 адам ем қабылдай алады. Ал тәулігіне шамамен 70-80 пациентке процедура жүргізу көзделген. Жабдықтың басты ерекшелігі – сәулені зақымданған аймаққа барынша дәл бағыттап, сау тіндерге түсетін жүктемені төмендетуі.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, қор 2022 жылдан бері Павлодар облысында жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырған. Жаңа радиотерапиялық кешен – өңірдің медициналық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бастамалардың бірі.
– Біздің ақ желеңділер абзал жандарымыз өте мықты. Оларға тек қолдау көрсетіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Сонда біз ешкімді іздеудің қажеті жоқ. Ең бастысы, онкологиялық науқастар өз өңірінде сапалы ем ала алуы тиіс. Адам үшін туған жерінде емделудің өзі үлкен қолдау, – деді басқарма төрайымы.
Ләззат Шыңғысбаеваның сөзінше, қордың қолдауымен елімізге жеткізілген желілік үдеткіштердің саны онға жеткен. Бұдан бөлек, ұйым онкологиялық дертке шалдыққан адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге де үлес қосып келеді. Соңғы екі-үш жылда Қазақстанға аурудың кейінгі кезеңдерінде қолданылатын 15 түрлі нысаналы препарат әкелінген. Олар отандық медициналық орталықтарда сынақтан өткізіліп, тиімділігі дәлелденгеннен кейін емдеу тәжірибесіне енгізілген.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов елімізде онкологиялық қызметті дамыту жұмыстары 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Құжатта жаңа мамандандырылған орталықтар салу, медициналық ұйымдарды 700-ден астам түрлі жабдықпен жарақтандыру және сәулелік терапияның қолжетімділігін арттыру қарастырылған. 2027-2028 жылдары республикада тағы төрт онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталмақ.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, алғаш рет қатерлі ісік анықталған науқастардың кемінде 70 пайызы сәулелік еммен қамтылуы керек. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен елімізге қосымша он желілік үдеткіш жеткізілді. Осылайша, республикадағы мұндай аппараттардың жалпы саны 26-ға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, Өзбекстанда бесеу, Қырғызстанда екеу ғана, – деді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ Ербол Бекмұхамбетов қордың қолдауымен елімізде бес жылжымалы диагностикалық пункт жұмыс істейтінін жеткізді. Олар шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын медициналық тексеруден өткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылы ауылдық жерлерде шамамен 200 адамнан қатерлі ісік бастапқы сатысында анықталған.
Павлодар облысында онкологиялық аурулардың таралу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары. Әр 100 мың тұрғынға шаққанда өңірде 320 жағдай тіркелсе, ел бойынша бұл көрсеткіш 215-ті құрайды. Соған қарамастан, жергілікті онкологтар мен алғашқы медициналық көмек мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында соңғы жылдары дерттен болатын өлім-жітім төмендеген. Айта кетейік, өңірлік онкологиялық орталық 2019 жылы пайдалануға берілген.

Бүгінде аймақта сәулелік терапиямен қамту деңгейі 72 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже.
Облыс әкімі Асайын Байханов та жаңа медициналық технологияның жергілікті тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталды.
– Мұндай жабдықтың өңір үшін маңызы зор. Бұрын емделушілер осындай ем алу үшін басқа жаққа баруға мәжбүр болған. Қазір медициналық технология қарқынды дамып келеді. Сондықтан жабдықты үнемі жаңартып отыру қажет. Ең бастысы, оның пайдасы науқастарға тиіп, денсаулығын жақсартуға және ауруды жеңуге көмектессе дейміз, – деді облыс әкімі.
Желілік үдеткіштің көмегімен емдеу бірнеше саты бойынша жүргізіледі. Алдымен пациент компьютерлік томограф-симулятордан өтеді. Осыдан кейін мамандар ісіктің нақты орналасуын анықтап, денесіне арнайы белгілер түсіреді. Сондай-ақ сәулелену бағыты мен мөлшерін есептеп, әр адамға жеке емдеу жоспарын әзірлейді.

Мәселен, сол жақ сүт безінің қатерлі ісігін емдеу барысында тынысты уақытша ұстап тұру технологиясы қолданылады. Бұл әдіс сәулелену кезінде жүрекке түсетін әсерді азайтуға көмектеседі. Бұған қоса, құрылғы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған.
Жаңа кабинеттің іске қосылуы Павлодар облысында онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, күрделі ем алу үшін өзге өңірлерге баруға мәжбүр болатын тұрғындардың санын азайтуға мүмкіндік береді.