Атамекен амбулаториясына жаңа жедел жәрдем көлігі берілді
Жергілікті бюджет есебінен алынған көлік медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мәселені кент тұрғындары Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековпен өткен кездесу барысында көтерген. Нәтижесінде амбулаторияға жергілікті бюджет есебінен автокөлік сатып алу туралы шешім қабылданған.

Жаңа көліктің кілтін амбулатория қызметкерлеріне қала әкімінің орынбасары Кадиша Беготаева табыстады.
– Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстауға рұқсат етіңіздер. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан көтеріліп, қала әкімі қолдау білдіріп, қаражат бөлді. Соның нәтижесінде автокөлік сатып алынды. Бұл көлік медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетуге ықпал етеді, – деді ол.
Қала әкімдігінде атап өткендей, Атамекен кентінде 10 мыңнан астам адам тұрады, оның ішінде 7 975 тұрғын амбулаторияға тіркелген. Жаңа автокөлік дәрігерлерге шақыртуларға жедел жетуге мүмкіндік беріп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.