COVID-19: Павлодар облысында жыл басынан бері 50-ден астам жағдай тіркелді
Пневманиялық жағдай да жоқ емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
– Ағымдағы жылдың басынан бері барлығы 56 зертханалық расталған COVID-19 жағдайы және бір ковидті пневмония жағдайы тіркелді, – дейді Батырбек Әлиев.
Спикердің айтуынша, 2024 жылдың үш айында құтыру, туляремия, сібір жарасы, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, полиомиелит, қызамық, паротит аурулары тіркелмеген.
Көкжөтелдің 42 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 41 жағдай. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 5,56 пайызды құрады.
Сонымен қатар, спикер ішек инфекцияларының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты екенін атап өтті. Белгіленген этиологиядағы ішек инфекциясының 71 жағдайы есепке алынған. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 9,40 пайызды құрады.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері облыс бойынша қызылша дертінің зертханалық расталған 1120 жағдайы тіркелді.