Павлодарлық онколог әйел адамдарға ай сайын тексерістен өтуге кеңес береді
Облыстық онкологиялық диспансерде сүт безінің зақымдалған аймағын кесу үшін ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Клиниканың хирург-дәрігері Бекайдар Махметовтың айтуынша, сүт безінің фиброаденомасы – өте кең таралған, онкологиялық ауруларда бірінші орын алатын қатерсіз ісіктің түрі. Аталмыш аурудың негізгі себептерін жыныстық гормондардағы теңгерімсіздік, салауатты емес өмір салтын ұстанбау, босануға қарсы дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау, спорт жарақаттары, уақытылы босанбау, сондай-ақ адамдардың дұрыс тамақтанбауы құрайды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл онкологиялық диспансерде сүт безі бойынша 27 ота жасалған. Фиброаденома 15-20 жас аралығындағы жас пациенттерде жиі кездеседі.
– Бұл диагноз бойынша статистика жыл сайын өсіп келеді. Тағамдарда химиялық заттар жиі қолданылатындықтан, ауруға шалдыққан науқастардың саны да артуда, – дейді Бекайдар Махметов.
Оның айтуынша, ең жас науқастың жасы – 18-де. Әсіресе, бұл ісік жыныстық гормондардың теңгерімсіздігі кезінде пайда болады.
– Бүгінгі науқастың ауруы күн сайын күшейген. Генетикалық тұрғыдан қарастырғанда, әйел адамның тұқымында қатерлі ісіктің бар екенін білдік. Осы орайда, генетиканың маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Ол небәрі 24 жаста, – дейді дәрігер.
Спикердің сөзінше, науқас екі жыл бұрын өзінің емханасына жүгініп, ісіктің бар екені расталған. Кейін қатерсіз ісік анықталған. Науқасқа МӘМС аясында операция тегін жасалды. Ол үш-бес күннен кейін қалпына келеді деп жоспарлануда.
– Мен дәрігермен ақылдастым. Генетикалық тұрғыдан әжемде қатерлі ісік болды. Айта кетерлігі, ешқандай белгілер болған жоқ. Әрбір әйел адам денсаулығын ойлап, жиі тексерістен өтіп жүруі керек, – дейді науқас Анастасия Яшницова.
Ота жасалғаннан кейін морфологиялық түрде қатерсіз ісік екені дәлелденген соң жасушалық деңгейдегі гистологиялық зерттеулер ісік деңгейін растай алады.
– Күмән туындаған жағдайда гистологиялық жедел талдау әдісі жүргізіледі. Гистологтар 20-30 минут ішінде жауап береді, – дейді Бекайдар Махметов.
Хирург-дәрігердің айтуынша, операция ісіктің мөлшеріне, таралуына байланысты. Науқас тігістің максималды көрінбеуін қалады. Ота пигментті дөңгелек айналасында, косметикалық әдіспен жүргізілді. Әдетте ота техникалық тұрғыдан оңай болмағандықтан, шамамен 40 минутты қамтиды. Барлығы стандартты болса, ота 15-20 минут жасалынады.
– Әрине, белгілі бір қауіп бар, сол себепті пластикалық хирургия арқылы бұл ісікті алып тастаған дұрыс. Эстетикалық тұрғыдан алғанда кеуде өзінің қалыпты табиғи мөлшерінде қалады. Тіпті, болашақта қиындықсыз баланы емшек сүтімен емізе алады, –дейді дәрігер.
Айта кетейік, биылғы жылы МӘМС жүйесі арқылы 70 операция жасалынды. Оның ішінде шамамен 40%-ы сүт безінің қатерсіз ісігі бойынша жүргізілген. МӘМС-ке дейін ота 40 мың теңге болса, қазіргі таңда 120 мың теңгені құрайды.
Дәрігер аурудың алдын алу үшін ай сайын сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуін жүргізіп, толық тексерістен өтуге кеңес береді.