Павлодарлық ата-аналар баласының мектептегі тамағын телефонмен бақылай бастады
«Әлеуметтік әмиян» жүйесі бюджет қаржысының жұмсалуын ашық етіп, мемлекеттік көмек алу үдерісін толықтай цифрлық форматқа көшірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мемлекеттік қолдау шараларын алу үдерісін жеңілдетуге бағытталған «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру жалғасуда.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 5–11-сынып оқушылары мен 1–4- сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақпен қамту жобасы жүзеге асырылуда. Ата-аналар E-gov mobile қосымшасы арқылы ваучерді белсендіре алады, ол мектепте тегін ыстық тамақ алуға құқық береді, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, бүгінгі таңда облыстың 102 мектебінде аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған (оның ішінде 68-і қалалық, 33-і аудандық), ал 239 мектеп «Бизнес-әмиян» жүйесіне қосылған.
– Ата-аналар күн сайын баласының тамақтануына қатысты хабарламалар алып отырады, ал төлем қызмет нақты көрсетілгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Жобаны пайдалану тәртібін түсіндіру мақсатында С. Торайғыров атындағы №28 жалпы білім беретін мектепте семинар ұйымдастырылып, оның барысында қатысушыларға «Әлеуметтік әмиянның» жұмыс істеу тетіктері мен оны қолдану тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жобасы ата-аналар үшін балаларға көрсетілетін қамқорлықты анағұрлым ыңғайлы етсе, білім беру ұйымдары үшін ашық әрі тиімді жүйе қалыптастырады.