Ақтоғай ауданында жем-шөп тапшылығына жол берілмейді

Ақтоғай ауданында жем-шөп тапшылығына жол берілмейді

Ауыл шаруашылығы өндірушілері жем-шөп дайындауды шілденің аяғы мен тамыздың басында бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті.

Басқа аудандармен салыстырғанда Ақтоғайда жем-шөп мәселесі жақсы көрсеткішті құрап отыр. Әзірге алаңдаушылыққа негіз жоқ. Біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріміздің көбі ауданның дала бөлігінде орналасқан. Олар шөпсіз қалмайды, – деп сендірді Қаршыға Арынов. 

Аудан әкімінің сөзінше, Сәтбаев атындағы каналдан үлкен көлемде – шамамен 120 миллион текше метр  су жіберілген. Су соңғы нүктеге – Сығанақ көлі мен Қарасу өзеніне дейін жеткен. Соның нәтижесінде Ақжол, Жолболды, Жалаулы ауылдарында  шөп қалың шығады деп күтілуде. 

Дегенмен, Ертіс өзені бойында орналасқан ауылдық округтер әлі де тәуекел аймағында. Судың аз жіберілуіне байланысты Ақтоғай жайылымдарының 65%  ғана су басқан.

Дала аймағында жаңбыр көп жауғандықтан шөп жақсы шықты, – дейді Қаршыға Арынов. – Соған қарамастан, өңір басшысының тапсырмасы бойынша шағын шаруа қожалықтарымызға мемлекеттік бюджеттен жем-шөп дайындауда субсидиялау үшін құжаттар жинаймыз. Қысқы дайындықта қиындықтар болмау керек.

Сондай-ақ ол жем-шөп дайындау мәселелерінің бір бөлігін ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің есебінен де шешу қарастырылып отырғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, ауданның дамуының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы: астық өндірісі, ет-сүт шаруашылығы және шалғайдағы жылқы шаруашылығы.

Фото: Константин Шелков