Павлодарлық кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға шақыруда

Павлодарлық кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға шақыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланы абаттандыру жұмыстары қарқын алып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында мәлімдегендей, қыс мезгілінен кейін коммуналдық қызметтер шаһар келбетін ретке келтіруді белсенді түрде жүргізуде.

– Бұл игі іске кәсіпкерлер мен қызмет көрсетуші ұйымдардың да атсалысуы аса маңызды. Әрбір нысан мен тұрғын үйге іргелес аумақтың тазалығы мен тәртібі — олардың тікелей міндеті, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда кәсіпкерлік және сәулет бөлімдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

– Барлық бизнес нысандарына бекітілген аумақтарды тазалау және абаттандыру қажеттігі туралы хабарламалар табысталуда. Абаттандыру талаптарын сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді Хасар Хабылбеков.

Шаһар басшысы қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, өз аумақтарында тазалықты сақтауға шақырады.