Экология министрі Павлодар және Абай облыстарындағы орман жағдайымен танысты

Министр санитарлық шараларды уақытылы жүргізу мен ағаш отырғызу жоспарын орындаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Министр орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Семей орманы» мен «Ертіс орманы» резерваттарының, сондай-ақ табиғи ресурстар басқармаларының мамандарымен бірге ормандардың санитарлық жағдайын қарап, қалпына келтіру шараларының тиімділігіне баға берді.
– Сапар барысында орман тұрақтылығын сақтау және зиянкестер мен аурулардың таралуын алдын алу мақсатында санитарлық-қорғау іс-шараларын уақытылы жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ министр мемлекеттік орман қоры аумағында екі миллиард ағаш отырғызу жоспарын орындау және санитарлық іс-шаралар кестесін нақтылау жөнінде тапсырма берді, – деді экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз орталығы.
Абай облысында өткен жылғы орман өрттерінің салдарын жою жұмыстарына ерекше назар аударылды. Биылдың өзінде 309,7 мың текше метр жанған ағаш дайындалды. Өңірде топырақ пен қоршаған ортаға зияны аз заманауи харвестерлер қолданылып, еңбек өнімділігі мен қауіпсіздік деңгейі артты.
Өрттен зардап шеккен аумақтарда 63 мың гектар жерді қамтитын орман өсіру жобасы әзірленді. Бұл жоба жергілікті ағаш түрлерін пайдалану мен орман өсірудің жаңа әдістерін енгізуді көздейді.
Министрдің айтуынша, ормандарды қалпына келтіру – экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен көміртекті сіңіру әлеуетін арттырудағы маңызды бағыт.
Сапар соңында «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарының қатысуымен өткен кеңесте орманды қалпына келтіру қарқынын арттыру және өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.