Павлодар облысында жаңа құстар мен кеміргіш түрлері анықталды

Павлодар облысында жаңа құстар мен кеміргіш түрлері анықталды
Фото:

Ғалымдар зерттеулер үшін құнды материалға қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жүргізілген далалық жұмыстар барысында бұған дейін тіркелмеген 40 құс түрі анықталды. Олардың ішінде өңір үшін алғаш рет кәдімгі жыланжегіш, дубонос, азиялық қарабас шегіршін және қызылқұлақ бозторғай тіркелді.

- Алынған нәтижелер «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватыны4 биоалуантүрлілігі жоғары әрі ғылыми тұрғыдан аса құнды аймақ екенін дәлелдейді. Мониторингтік зерттеулер жалғасуда, ал табиғи мұраны сақтаудағы резерваттың рөлі ерекше маңызды, - деп хабарлады резерват мамандары.

Бүгінде «Ертіс орманы» аумағында 90 құс түрі тіркелген, олардың он түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сондай-ақ 307 өсімдік түрі мен 21 сүтқоректілер түрі анықталған.

Ал алюминий зауытының аумағында өңір үшін жаңа кеміргіш түрі - шығыс еуропалық дала тышқаны тіркелді. Бұған дейін ол кәдімгі дала тышқанының сыңары саналып келген, алайда генетикалық талдаулар оның бөлек түр екенін көрсетті.

Торайғыров университеті биология кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Зарина Серғазинова бұл екі түрдің сыртқы белгілері бірдей екенін, морфологиялық айырмашылық байқалмайтынын атап өтті.

- Бұл түрдің бізде қашан пайда болғаны белгісіз. Мүмкін бұрыннан болған, бірақ кәдімгі дала тышқаны ретінде тіркелген. Кейін Новосібір қаласындағы Жануарлар систематикасы және экологиясы институтындағы әріптестермен бірге оның басқа түр екені болжанды. ДНҚ талдау материалдары Ресей ғылым академиясының Қиыр Шығыс бөлімшесіндегі Жер үсті биотасының биоалуантүрлілігі федералдық ғылыми орталығына жіберілді. Онда шығыс еуропалық дала тышқаны екені расталды, - деді Зарина Серғазинова.

Жаңа түрді тіркеу бойынша алғашқы ғылыми жарияланымдар жарық көрді. Шығыс еуропалық дала тышқанының ареалы кең: ол Шығыс Еуропаның дала және орманды дала аймақтарында, Батыс Сібірдің оңтүстігінде және Қазақстанда кездеседі. Бұл түр негізінен ашық және жартылай ашық жерлерді мекендейді, шөптесін жамылғысы жақсы дамыған ландшафттарды таңдайды және агроландшафттарды да игере алады.

- Қазақстан аумағындағы таралуы әлі толық зерттелмеген. Бұған морфологиялық ұқсастығы мен молекулалық тұрғыдан расталған деректердің аздығы себеп, - деп биолог.

Далалық жұмыстар Павлодар облысының ұқсас дала биотоптарындағы 12 сынақ алаңында жүргізілді. Ұсақ сүтқоректілерді есепке алу үшін ең көп әрі репрезентативті материал беретін қақпан, ор әдісі қолданылды. Аулаулар қарсыз кезеңде, яғни, мамырдан қыркүйекке дейін жүргізілді.

Фото: @hpixabay.com/jggrz