Павлодарлық оқушылар республикалық жарыста үздік үштікке енді
Орал қаласында техникалық шығармашылық және өнертапқыштық бойынша республикалық жарыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен келген жас өнертапқыштар, конструкторлар және техникалық бағыттағы үйірмелердің тәрбиеленушілері қатысты. Жарыстың мақсаты балалар мен жасөспірімдердің ғылыми-техникалық шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, инженерлік ойлау қабілетін дамыту және болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт беру болды.
Өңір намысын Балалар техникалық мектебінің тәрбиеленушілері Шамиль Мехновцев, Глеб Иванык, Данил Тарол, Кирилл Кудрявцев, Матвей Рощенко, Даниил Батюхно, Марк Трынов, Михаил Рощенко және Александр Мирошниченко қорғады. Команданы педагогтер Сергей Соц пен Рафаиль Тукаев дайындады.
Жас техниктер радиобасқарылатын автомодельдер, авиамодельдеу, дрондар жарысы, кеме модельдеу және зымыран модельдеу бағыттары бойынша сынға түсті. Қатысушылар модельдерді құрастыру мен басқарудағы шеберліктерін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

– Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысының Балалар техникалық мектебінің командасы Қазақстанның 17 өңірлік командасы арасында жалпыкомандалық есепте III орынға ие болды. Бұл нәтиже оқушылардың табанды еңбегі мен педагогтердің сапалы дайындығының жемісі болды, – деп атап өтті облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Республикалық деңгейдегі жетістік өңірде техникалық шығармашылықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Мұндай жарыстар оқушылардың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттырып, инженерлік және техникалық мамандықтарды таңдауға ынталандырады.
Фотосуретті Павлодар облысының білім беру басқармасы ұсынды