Павлодарда Worldskills чемпионатында жас мамандар бақ сынады
Аймақтық додада жүздеген студент кәсіби қабілетін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде М.Катаев атындағы оқушылар сарайында аймақтық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Байқау жас мамандардың білімін тәжірибеде көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Басқарма басшысының орынбасары Алма Айтуарованың айтуынша, биыл бағыттар саны артып, үздіктері республикалық кезеңге жолдама алды.
- Өткен жылы 42 құзыреттілік бойынша қатысып, соның 29-ында жүлделі орынға ие болдық. Ал биылғы чемпионатта 70 құзыреттілік бойынша 353 студент бақ сынайды. Жүлделі орын иеленген қатысушылар қараша айында өтетін республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады, - деді ол.

Сондай-ақ, алаңда «Мамандықтар әлемі» көрмесі өтіп, оқушыларға түрлі кәсіптер таныстырылды. Б.Ахметов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінің бастауыш білім беру мамандығының үшінші курс студенті Жанар Сағындық үшін бұл - өз мүмкіндігін дәлелдеудің маңызды кезеңі болды.
- Бұл үлкен байқау болғандықтан, жақсы қырларымнан көрсетуге тырысып жатырмын. Негізгі мақсаты - тек орын алу емес, білімімді тәжірибеде көрсетіп, оқушыларға тимді әдістер ұсыну, - деді ол.
Қатысушылар байқау барысында өз қабілеттерін түрлі тапсырмаларда сынап, кәсіби дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік алды.
