Баянауылға келген туристер 10 километрлік кептеліске тап болды

Баянауылға келген туристер 10 километрлік кептеліске тап болды
Фото: Константин Шелков

Мереке күндері Жасыбай демалыс орнына  келген туристердің саны 4 есеге жоғары болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев мәлім етті. 

–  6-7 шілде күндері  туристердің саны әдеттегіден бірнеше есе көп болды. Кептелістің ұзындығы шамамен 10 шақырымды құрады. Бұл күндері 15 мыңға жуық адам демалыс орнына кірді. Әдетте демалуға 4 мыңға жуық адам келетін, – дейді Ардақ Кісентаев.

Сондай-ақ  ол Баянауылдағы ең үлкен су қоймасы болып саналатын Сабындыкөлге де демалуға баратындар саны аз емес екенін атап өтті. 

– Сабындыкөлде жеке кемпинг, шатырлар алаңы, Sabyndykol Plaza демалыс үйі, 45 орындық  қонақүйлер мен киіз үйлер құрылған. Бүгінгі таңда демалыс орны 200-300 адамды қабылдай алады. Бұдан бөлек, Баянтау демалыс орны да жұмыс істеп тұр, –  дейді Ардақ Ксентаев.

Еске сала кетейік, өткен жылы өңірімізге 190 мыңнан астам турист келіп, демалып қайтты. Биыл туристердің саны 200 мыңға жетеді деп жоспарлануда.