Тахауи Ахтановтың комедиясы Павлодар сахнасында жаңа қырынан ұсынылмақ
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында 36-шы маусымдағы кезекті премьераның тұсауы кесіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ мәдениетінің қарашаңырағы саналатын қазақ театрының труппасы тың туындының премьерасын көрерменге ұсынуға дайын. Бұл жолы театр ұжымының таңдауы жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясына түскен.
Қойылымның өзегі ауылда өскен, салт-дәстүрді бойына сіңірген жігіттің қалаға келіп, мүлде басқа өмірге тап болуынан басталады. Бір жағында – ата-баба салт-дәстүрі, үлкенге құрмет, қарапайым тіршілік. Екінші жағында – қала мәдениеті, жаңа көзқарас, басқа тәртіп. Ең қиыны – тіл мәселесі. Өз үйіңдей елде жүріп, өз тіліңе өгей болу, бір-бірін толық түсіне алмау, ана тілдің қадірін кеш сезіну – бәрі күлкілі көрінгенімен, астарында үлкен шындық жатыр. Бұл – бір адамның ғана емес, бүгінгі қоғамның шынайы бейнесі.
Көрерменді күлдіре отырып, бүгінгі күннің «қотырын» қаузайтын қойылымның режиссері – Жангелді Садықов.
Ал қойылымдағы Гүлжамал образын ашу Бахаргүл Құрбанова мен Ақық Таспаеваға тапсырылса, Биғайша рөлін Талжібек Атамбек пен Гүлжан Қайырбекова сомдайды. Бекболатты Данияр Бауыржанұлы мен Әділхан Төлегенұлы, Қабанбайды Жасұлан Әмірхан мен Айбек Өмірбек, Ботканы Ақтілек Ақанова, Жанель Тұрысбек пен Ақжан Кембаева сахналаса, Алманы Райхан Мұқатай мен Жанара Назикенова, Кубикті Темірлан Мұқатай мен Арман Серікқазыев және Тюрянчикті Жақсылық Жанатбекұлы мен Нұралы Ғазезов сомдайды.
Айта кетелік, премьераның тұсаукесері 20, 21, 22 мамыр күндері сағат 18.30-ға жоспарланған. Спектакль қазақ тілінде өтеді, орыс тілінде синхронды аударма қарастырылған.