Павлодар облысында туристік маусым қашан басталады?

Павлодар облысында туристік маусым қашан басталады?
Фото: Константин Шелков

Облыста барлығы жүзден астам демалыс орны дайындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің туристік ордасы – Баянауылда туристік маусым 15 маусымда басталады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында белгілі болды. Аймақ басшысы басқарма өкілдерімен демалыс орындарының жазғы маусымға дайындығын талқылады.

Биыл Баянауыл ауданында 57 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Тағы 35 шақырым жыл үш жыл ішінде аяқталмақ. Жобалардың қатарында Жасыбай көлінің кіреберіс жолын аралық жөндеу жұмыстары әлі жүргізілуде, 2025 жылы жолды ауыстыру жұмыстары басталады.

– Біржанкөл ауылына дейінгі 16 шақырымдық Торайғыр – Жасыбай тас жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін қазір жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жол бес шаруа қожалығы арқылы өтеді. Іске асыру 2025 жылға жоспарланған, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Инна Дмитриева. 

Қыркүйек айында «Мырзашоқы» шаңғы кешеніне кіреберіс жолдың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтеді. 4 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Мамандар құжаттарын рәсімдеп, жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауда.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев биыл екі инвестициялық жобаның аяқталатынын жеткізді. Баянауылға кіре берісте жаңа жанармай құю бекеті пайда болады. Алаң бір гектарды алып жатыр. Бүгінгі таңда іргетасы көтеріліп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жанармай бекеті жыл соңына дейін толық аяқталады. Сондай-ақ, жүз орындық демалыс үйі де жыл соңына дейін жұмысын бастамақ.

– Павлодар облысында туристтердің 70 пайызы Баянауылға келеді. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.

Туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Дәуір Ерғабулов Павлодарда демалыс орындарының көп екенін баяндады.

– Орталық жағалау, қалалық саябақ, Гагарин саябағынан басқа, қалада «Ривьера» жағажайы, өзен порты, «Adrenaline» страйкбол ойыны, қалалық саябақтағы ашық аспан астындағы кинотеатр, Гагарин саябағында дрейф-трейк, серфинг, Кенжекөл ауылындағы «Щучье» демалыс аймағы, Павлодар облысындағы «Сосновый бор» белсенді демалыс базасы жұмыс жасауда, –дейді Дәуір Ерғабулов.

Оның айтуынша, туристер үшін инфрақұрылым маңызды болып қала береді. Облыста туризм саласын дамытудың бекітілген жол картасына сәйкес құны тоғыз миллиард теңгеден асатын жеті жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, Баянауыл облысының билігі Павлодар жағажайынан үлгі ала отырып, Сабындыкөлдегі жағажайды абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындап жатыр. Жағажайда шезлонгтар, су ішетін субұрқақтар мен душ болуы керек.