Павлодарлық жұмысшылар жаңа бағдарлама бойынша баспана ала алады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары еңбек адамдарының мұң-мұқтаждарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сенаторлар – Нұртөре Жүсіп төрағалық ететін Парламенттің жоғарғы палатасы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері, сондай-ақ Сенат депутаттары Айнұр Арғынбекова, Талғат Жүнісов, Алтынбек Нұхұлы, Әсем Рахметова, Руслан Рүстемов және Амангелді Төлемісов алдымен облыстың өнеркәсіп алпауыттарына барып, болашақ мамандарды дайындайтын оқу орындарының жұмыстарымен танысуды жөн көрді. Павлодар химия-механикалық колледжі – Павлодар мұнай-химия зауыты үшін кадрлар даярлайтын орда.
Білім ошағында болашақ мұнайшыларды даярлауға барлық жағдай жасалған. Арнайы пәндер оқытушысы Наталья Олешко қонақтарды полигонның бейімделген нұсқасымен таныстырды. Мұнда студенттер зауыт жабдықтарына қызмет көрсетуді, оны бөлшектеуді және құрастыруды, жөндеуді үйренеді. Үшінші курс студенті Даниил Клименко сенаторларға көп сатылы насостың неден тұратынын айтып, өз мамандығының барлық қырларын меңгеріп, облыс пен ел игілігі үшін жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Колледж инновациялық режимде жұмыс істейді: оқытушылар үнемі жаңа оқыту әдістерін қолдануда. 2013-2014 оқу жылында колледж аумағында Технопарк ашылды. Мұнда оқу орнында мектеп жиһазына қажетті бөлшектер шығарылып, студенттер өз бұйымдарын коммерцияландыруға бет бұруда.
Павлодардың тағы бір өндіріс саласының «Қара шаңырағы» – түсті металлургия жоғары колледжі. Колледж Ұлттық мамандандырылған және институттық аккредитациядан өтті. Колледжде оқу студенттерге болашақ кәсіби мансап немесе жоғары білім алу үшін қажетті білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда оқу шеберханалары, стадион бар.
Ангелина Катюкова қыз балаға тән емес мамандықты – электр газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде.
- Мен кішкентай кезімнен металды дәнекерлеу процесін көргенді ұнататынмын, - деп ағынан жарылды студент. – Менің мамандығым сұранысқа ие. Машина жасау зауытына жұмысқа тұруды жоспарлап отырмын.
Сенаторлар студенттермен кездесіп, жұмысшы жастардың қалай өмір сүріп жатқанын, не қалайтынын сұрады. Мәселен, Мансұр Исинді өнеркәсіптегі еңбекақыны көтеру мәселесі толғандырса, Жамбыл облысынан келген Данил Пынченконы баспана мәселесі толғандырды.
– Мен Жамбыл облысының Қордай ауданынан келдім, менімен бірге бірнеше достарым келді. Біз осында қалғымыз келеді: жұмыс істеп, отбасын құрғымыз келеді. Арнайы жұмыс істейтін жастарға баспана алуға жағдай бар ма, - деп сұрады Данил.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп мемлекет еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отырғанын, жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы – осының дәлелі екеніне тоқталды.
– Қазақстанда көп жылдар бойы заңгерлер мен экономистер дипломын алып шығу сән болды, бірақ оларға сұраныс болмай шықты. Мемлекет осы үрдісті өзгертіп, еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге күш салуда. Жалақы өсіп, әлеуметтік қамсыздандыру жақсаруда.
Баспана мәселесін тек болашақ жұмысшылар ғана емес, қазіргі жұмысшылар да көтергені ерекше. Сенаторлар алюминий және мұнай-химия зауыттарын аралады. Дәл осындай сұрақ «Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургиялық цехының операторы Базарғали Әлиев пен «ПНХЗ» АҚ жұмысшысы Мейіржан Шәпкенді де мазалады.
Сенатор Руслан Рүстемов тұшымды жауап берді. Ол жұмысшыларға арналған жаңа «Наурыз жұмыскер» ипотекасы туралы айтты. Бағдарлама 17 наурызда басталады. Операторы – «Отбасы банк». Жалпы сомасы 72 млрд теңгені құрайтын 2440 несие беру жоспарлануда. Бағдарламаға өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері қатыса алады.
Алюминий зауытында комитеттің көшпелі отырысы өтіп, онда сенаторлар «Еңбекші – ел экономикасының өсіп-өркендеуінің негізі» атты Парламенттік тыңдау алдында жұмысшылардың ұсыныстарын тыңдады.