Мал азығын дайындауда қауіпсіздікті сақтамаған қанша павлодарлық шаруа айыппұл төледі?

Мал азығын дайындауда қауіпсіздікті сақтамаған қанша павлодарлық шаруа айыппұл төледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауыл шаруашылығы науқаны кезінде өрттің алдын алу күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мамандардың айтуынша, өрттің басты себептері – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Атап айтқанда, техниканың ақаулығы, сабан мен құрғақ шөпті өртеу, темекі тұқылын бей-берекет тастау салдарынан төтенше жағдайлар жиілеген. 

Павлодар облысының ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының м.а. Берік Омаровтың айтуынша, тасымалдаушы техникалардың көпшілігі алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталмаған. Биылғы жылдың басынан бері 22 жағдайда шөп өртеніп, 40 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Салдарынан 133 тонна мал азығы жойылды.

– Мұндай өрттер үлкен аумаққа тез таралады. Олар дайындалған мал азығын, өнімді, техниканы, орман алқаптарын жойып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау аса маңызды, – деді ол.

Департамент қызметкерлері полиция және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, алқаптарда рейд жүргізуде. Нәтижесінде биылдың өзінде 264 адамға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Сонымен қатар, техника талапқа сай жабдықталмағаны үшін 5 жеке тұлға 117 мың теңге айыппұл төлеген. Облыста барлығы екі мыңнан астам нысан тіркелген.

Мамандар еске салады: барлық техника маусым басталғанға дейін техникалық тексерістен өтуі тиіс, әрбір трактор мен комбайнда кемінде екі өрт сөндіргіш болуы қажет, егістік алқаптарда ені 4 метр болатын өртке қарсы жыралар жасалуы тиіс, шөп қора-жайлардан кемінде 15 метр қашықтықта сақталуы керек, қырмандардың арасы кемінде 20 метр болуы шарт.

– Бір ғана абайсыз әрекет үлкен материалдық шығынға және адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, – деді Берік Омаров.

Сонымен қатар, астық қоймалары тек жеке ғимараттарда орналасып, барлық қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс.

Облыстық ТЖД өкілдері ауыл шаруашылығы жұмыстары кезеңінде әрбір азаматтың өрт қауіпсіздігіне жауапты екенін атап өтті.