Павлодарлық құтқарушылар бөгеттерді нығайтуда
Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар да қосылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстар Павлодар, Ақсу қалаларында және Аққулы, Май, Павлодар, Тереңкөл аудандарында жүргізілуде.
– Кенжекөл ауылы мен Атамекен кентіндегі тұрғын үйлердің су басуын болдырмау үшін оларды нығайту мақсатында жыл сайын үйінділерге топырақ әкелу жұмыстары жүргізіледі. Үйінділерге тексеру жүргізілді. Атамекен кентіне 3000 тоннаға жуық топырақ әкелінді, 50 метрге жуық үйінді нығайтылды, 2000 қап дайындалды. Кенжекөл ауылына 6500 тонна топырақ әкелінді, қаптар әзірленіп, үйінділер нығайтылуда, – дейді департаментте.
Сонымен қатар, Ақсу қаласы мен Ақсу шағын ауданында да бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Ертіс өзенінде су жіберу кезінде су тасқыны қаупінен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екі қорғаныс құрылысы бар. Бүгінгі таңда Ақсу қаласының оңтүстік-шығыс жағынан Ертіс өзенінің жайылмасына іргелес жатқан тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін жергілікті атқарушы органдарымен ұзындығы 800 метрге дейін және биіктігі бір метрге жететін жер үйіндісін бекітті.
Аққулы, Май, Павлодар және Тереңкөл аудандарында су басуға бейім жерлерде үйінділер мен бөгеттерді салу және нығайту, инертті материалдары бар қапшықтарды дайындау жұмыстары жалғасуда.
Айта кету керек, күн сайын тұрғызылған бөгеттердің жай-күйіне мониторинг жүргізіледі.