Павлодарда қандастар мәселесі бақылауға алынды

Павлодарда қандастар мәселесі бақылауға алынды
Фото: pixabay.com / Mohamed_hassan

Қандас отбасы азаматтық алу тәртібі бойынша нақты кеңес ала алмай, «AMANAT» партиясынан көмек сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «AMANAT» партиясы филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды кезекті қабылдау өтті. Әлеуметтік маңызы бар бұл шарада партия өкілдері, заңгерлер, мемлекеттік орган және банк мамандары тұрғындардың түрлі мәселелерін шешуге атсалысты.

Кездесуге келгендердің арасында 2023 жылы Өзбекстаннан көшіп келген Коряковка ауылындағы қандас отбасы да болды. Олардың мәртебесінің қолданылу мерзімі 90 күннен кейін аяқталады, алайда азаматтық алу рәсіміне қатысты нақты ақпаратты ала алмаған. Бұл мәселе жеке бақылауға алынып, отбасына құжаттарды жинау мен рәсімдеу барысында толық көмек көрсетілетін болды.

Тағы бір өтініш білдірген әйел азамат – «KSP Steel» ЖШС қызметкері – Отбасы банкінен ипотека рәсімдей алмай жүргенін айтты. Себебі, зейнетақы жарналары екі ай бойы кәсіпорынның басқа филиалынан аударылған. Банк өкілдері мән-жайды анықтап, тиісті көмек беретінін жеткізді.

Сондай-ақ қала тұрғыны коммуналдық қарыз үшін мүлкіне қойылған тыйымды алып тастау бойынша кеңес сұрады. Заңгерлер нақты әрекет ету жоспарын ұсынып, қажеттілік болса, процесс бойы қолдау көрсететіндерін айтты.

Барлық өтініштер тиісті мекемелерге жолданып, бақылауға алынды. Әр мәселе шешімін тапқанша жұмыс жалғасады.

«Құқықтық көмек» жобасы тұрғындарға шынайы қолдау көрсетіп, құқықтық мәселелерде бағыт-бағдар беруді жалғастыруда.