Баянауылда демалушылар қырыққұлақты жұлып алған
Тәртіп бұзушылар жазадан құтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, демалушылар арасында түсіндірмелі әңгіме өткізді. Бұған демалушылардың ішінде сирек кездесетін өсімдікті жұлып алған жағдай себеп болған.
Демалушылар «Кемпіртас» жартасының маңында сирек кездесетін қырыққұлақ өсімдігін жұлып алған. Демалушыларға ескерту жасалды, ал келесіде мұндай іс үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
– Баянауылда 54 демалыс орны бар. Бүгінгі таңда демалыс орындары толық, орын жоқ, – дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Аждар Жүсіпов.
Айта кету керек, экологиялық мекеменің аумағында рұқсат етілмейді:
1) төлемді растайтын құжатсыз ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу.
2) жалпы ортақ жолдардан шығуға және одан тыс жүруге.
3) көлік құралдары мен басқа да механикалық жабдықты белгіленген аумақтардан тыс жерде қою.
4) су қоймаларының жағасында көліктерді және басқа да механикалық құралдарды қоюға және жууға, ыдыстарды жууға, кір жууға.
5) от жағуға, белгіленген аумақтардан тыс жерде барбекю орнатуға.
6) аумен және басқа да тыйым салынған құралдармен балық аулау.
7) ағаштарды кесу, сындыру және зақымдау.
8) жабайы ағаш, бұталы, шөптесін өсімдіктерді жинау және қазу.
9) тастарға, жартастарға жазулар мен сызбаларды салу.
10) рұқсатсыз мал жаюға, шөп шабуға, ағаш кесуге.
11) қоқысты жәшіктен бөлек жерге тастауға.