Павлодарлықтарға бір күнде жүзден астам жұмыс орны ұсынылды
Павлодарда Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға 18 кәсіпорын мен ұйым қатысып, жұмыс іздеушілерге жалпы саны 120-ға жуық вакансия ұсынылды. Жұмыс берушілер тарапынан тәрбиеші, педагог, санитар, еден жуушы және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындардың қатарында «KSP Steel» ЖШС де бар. Компания стропальщик, электр монтері, инженер-бағдарламашы және басқа да мамандарға арналған бірқатар бос жұмыс орнын ұсынды.
KSP Steel — өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Компанияда өндірістік жұмысшы мамандармен қатар инженерлік-техникалық кадрларға да сұраныс бар.
Павлодар филиалы Мансап орталығының жұмыспен қамтуға және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөніндегі маманы Баянгүл Байкенованың айтуынша, мұндай шаралардың нәтижелілігі көп жағдайда жұмыс беруші ұсынатын еңбек жағдайы мен жалақы көлеміне байланысты.
- Жалақы неғұрлым жоғары болса, адамның ұсынылған жұмысқа қызығушылығы да соғұрлым жоғары болады. Жәрмеңкеге әртүрлі жастағы адамдар келеді. Дегенмен жұмыс іздеушілердің басым бөлігі — 50 жастан асқан азаматтар. Ал жастар жұмысты көбіне интернет пен мобильді қосымшалар арқылы іздейді, — деді ол.
Бүгінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі болып отыр. Павлодарда мұндай шаралар айына шамамен үш рет ұйымдастырылады. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жәрмеңкелер және көшпелі іс-шаралар өткізіледі.
Жәрмеңкеге қатысушылардың бірі — Нұрпейіс Ақылбеков. Ол сылақшы болып жұмыс іздеп жүр. Жасы зейнеталды кезеңіне жақындағандықтан, физикалық жүктемесі жеңілдеу, толық емес жұмыс уақытын қарастырып отыр. Бұған дейін Нұрпейіс Ақылбеков зиянды өндірісте, еңбек жағдайына байланысты «ыстық сетка» бойынша жұмыс істеген. Қазір ол еңбек жолын жалғастырғысы келеді, алайда физикалық жүктемесі жеңіл жұмысты іздеп жүр.
Осындай қиындыққа 55 жастағы Алексей Чухарев та тап болған. Ол да зиянды өндірістен «ыстық сетка» бойынша ұсыныспен жұмыстан кеткен. Қазір азамат сол кәсіпорында бірнеше жыл еңбек еткеніне байланысты тиісті өтемақыларын рәсімдеу мәселесін шешуге тырысып жүр. Оның айтуынша, жұмыстан кеткеннен кейін бұрынғы мамандығы бойынша қайта жұмысқа орналасу да оңай болмаған. 55 жаста еңбек жағдайы мен жүктемесі өзіне қолайлы жұмыс табу қиынға соғып отыр.
Мұндай жағдайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс іздеушілерге тек вакансия табуға ғана емес, жұмыс берушілермен еңбек жағдайы, жұмыс кестесі, жүктеме және жас ерекшеліктеріне қатысты талаптарды тікелей талқылауға мүмкіндік береді.