Павлодарлық психолог: Ата-ана мен баланың арасында мәміле жоқ
Кішкентай баланың мінезі үш жастан бастап қалыптасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласының №25 ЖОМ педагог-психологі Жанар Ордабаева мәлім етті.
– Бүгінде отбасылардағы ең басты мәселенің бірі – ата-ана мен баланың арасында мәміленің жоқтығы. Иә, барлығы жұмысбасты екені түсінікті. Кешке дейін баласын көрмейді, ал келгеннен кейін үйдің шаруасымен айналысып кетеді де балаға уақыт бөлінбей қалады. Бала өзімен-өзі өсіп жатады, – деді ол.
Оның сөзінше, бала туғаннан есейіп, ер жетіп, үлкен өмірлік жолға түскенге дейін ата-анасының тәрбиесінің ықпалы байқалады.
– Отбасы сүйіспеншілікте, сыйластықта өзара түсіністікте, мейрімділікте өмір сүрсе, балада да өзін-өзі бағалайтын болады. Өзіне сенімді, оқуға, достасуға деген ынтасы болса, өмірде өзінің орнын таба алатындай тұлға болып өседі. Есейгенде алдына жоғары мақсаттарды қояды және мақсатты түрде оларға қол жеткізе алады,– деді спикер.
Жанар Ордабаеваның ойынша, қазіргі ата-аналар баланың көңілін гаджеттермен аулап, өз жұмыстарымен айналысып жүреді.
– Баланың мінезі үш жастан бастап қалыптасады. Кішкентайлар жүрді-ау дегеннен бастап, ата-ана оның қолына телефон, гаджеттерді ұстатады. Содан бүкіл қызығушылығы, зейіні гаджеттарға ауысады, – деді спикер. – Ал балаға махаббат қажет. Кішкентай, ересек болса да ол ата-ананың махаббатына, қолдауына мұқтаж.
Психологтың пікірінше, жұмысбасты ата-ана балаға уақытын бөліп, құшақтап, әңгімелесіп, жағдайын біліп отырса, бала бұзылмайды. Яғни, бала сол алған тәрбиесін жүрген жерінде көрсетеді.
– Балалар төртінші сыныпқа дейін өзінің ата-анасын керемет адам ретінде санайды, солардың айтқанымен ғана жүреді. Ал, жасөспірімдік өтпелі кезеңде ата-анасына мүлдем басқаша қарайды. Олардың кемшіліктерін беттеріне басып, қарсылықтарын білдіре бастайды, – деп атап өтті Жанар Ордабаева.
Маманның айтуынша, оған дайын болмаған ата-ана бірден ақталуға, өзінің дұрыстығын дәлелдеуге және баланы басып тастауға тырысады. Осыдан бала мен ата-ананың ортасында келіспеушілік, наразылық өседі. Баланың материалдық жағынан қамтуына көңіл бөлініп кетеді де, адамгершілік-рухани жағы сыртта қалып қояды. Балалардың бойына адами қасиеттерді сіңірудегі жұмыс көп жүргізілуі керек.