Павлодарда жас ақындарға қолдау көрсетілді: «Ертіс толқыны» жеңімпаздары анықталды

Павлодарда жас ақындарға қолдау көрсетілді: «Ертіс толқыны» жеңімпаздары анықталды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Үздіктерге 200 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірнеше жыл қатарынан «AMANAT» партиясы ұйымдастырып келе жатқан «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы биыл да өз жалғасын тапты. Шаһарда осы байқаудың өңірлік кезеңі – «Ертіс толқыны» әдеби-шығармашылық сайысы өтті.

– Байқау ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды дәріптейтін, креативті ойға бай жас қаламгерлер мен отандық авторларды қолдау және олардың кеңінен насихаттау мақсатымен ұйымдастырылды, – деді «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Дулат Абетжанов.

Биыл 18 үміткердің жұмыстары қабылданып, олардың ішінен екі номинация бойынша бес жеңімпаз анықталды. «Поэзия» бағыты бойынша Ертіс ауданының тумасы Нарқұлан Райханұлы топ жарса, «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша Сүлеймен Баязитов атындағы кітапхана басшысы Алпысбай Хонж үздік болып танылды.

– Бірінші орын үшін – 200 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге және үшінші орын жеңімпаздарына 80 мың теңге көлеміндегі бағалы сыйлықтар әзірленді, – деді Дулат Абетжанов. 

«Күміс пойыз» ертегісі жас журналист Ислам Бақытбайға екінші орын әкелді. Бұл шығарма – әкесінен айырылған баланың тағдыры туралы. Әкесін қатты сағынған бала бір күні оны түсінде көреді. Әкесі оған еңбектің маңызын, анасына қолдау көрсетудің қажеттілігін үйретеді.

Жас жазушының айтуынша, ертегіні жазуға бірнеше сағат жұмсаған, ал идеяны ойластыруға бірнеше күн кеткен.

Торайғыров университетінің үшінші курс студенті, жас ақын Нұрайлым Әмірхан бұндай сайыстардың өткізіліп тұруы жастарға үлкен мотивация екенін атап өтті.

– Көп уақыт бойы өлең жазсам да, оларды жариялауға батылым жетпейтін. Алайда ұстазым «бағыңды сынап көр» деген соң, қарсы болмадым. Орын алғанымды білгенде, қатты қуандым. Бұл мен үшін «тоқтама, қаламың ұштала берсін» деген белгі болды, – дейді ол.

Нұрайлым байқауға он үш өлең жолдады. Оның айтуынша, шығармаларының басым бөлігі көңіл-күй лирикасында, нәзік метафора мен сезімге толы. 

«Ертіс толқыны» байқауы – жас әдебиет өкілдеріне қолдау көрсетіп, олардың шығармашылығына жол ашатын маңызды алаң. Ұйымдастырушылардың сөзінше, келер жылы сайыс аясында жаңа номинациялар қосылып, қатысушылар санын көбейту жоспарланып отыр.