Павлодарлық әжелер ансамблі Қызылордада Бас жүлдені жеңіп алды

Павлодарлық әжелер ансамблі Қызылордада Бас жүлдені жеңіп алды
Фото: Алмагүл Бұзаубаева ұсынды

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі  – ҚР мәдениет қайраткері, сазгер, 100-ден астам әннің авторы Асылбек Әбдікәрім, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қызылорда  облысы Шиелі ауданы  әкімдігінің қолдауымен «Арман» мәдени орталығының басшысы, өз ісінің маманы Нұргүл Шалекееваның  ұйымдастыруымен  «Әжелер салған ән қандай...» атты республикалық  әжелер ансамбльдерінің байқауы өтті. Оған   Алматы, Ұлытау, Түркістан, Қызылорда, Павлодар облыстары мен жақын аймақтағы жастары 60-тан асқан әжелер ансамбльдері қатысты. 

– Ертіс өңірінің намысын Павлодар қаласы Қуат Әбусейітов атындағы қалалық мәдени-сауық орталығында  2015  жылы қажы Бақытжамал Елеукенова апамыздың ұйымдастыруымен  ашылған «Сағым жылдар» әжелер ансамблі  қорғады. Екі күн бойы жол  жүріп келген әжелер ансамблі Шиелі ауданына келе сала бір сағаттан кейін сахнаға шықты. Сахна киелі ғой. Әжелер ансамблі сахна мәдениеті, әртістігі, кәсіби шеберлігімен екі ән орындады. Көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығып, Бас жүлдеге ие болды, – дейді ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі Алмагүл  Бұзаубаева.           

Оның айтуынша, ансамбльдің  репертуарында сан алуан халық әндерінің ескі нұсқалары, ретро әндер, басқа ұлт өкілдерінің  әндері де бар. Асылбек Әбдікәрім әжелерді әр дауысқа қойып, жеке дауыстарымен де ерекше жұмыс істейді. Ансамбль құрылған күннен бастап Алма Арынова мен Бақытгүл Жақыпова әжелерге костюмдер тігіп, жеке бөлме бөліп беріп, жағдайларын жасауда.  Ансамбльдің қазіргі  төрайымы –  әнші, биші Айман Қалиева. 

– Ансамбльдегі  әжелер өте ұйымшыл, өзара өте сыйлы. Марқұм Бақытжамал қажы апамыздың аңсаған  арманы орындалып, әжелеріміз  облысымыздың атын шығарып келді.  Ансамбльдің қатарында алпысты алқымдаған, жетпістің желкенін тартқан, сексеннен асқан әжелер бар. Олардың барлығы – ұлды ұяға, қызды қияға қондырған аяулы аналар, ардақты әжелер. Асылбек ағаның кәсіби музыканттығының арқасында әжелер әрбір әнді иірімі мен нақышына терең бойлап орындайды, әнді тыңдарман қауымның жүрегіне  жеткізіп, ерекше әсерге бөлейді, – дейді Алмагүл  Бұзаубаева.           

Айта кетерлігі, ата-баба аманаттаған салт-дәстүрлердің жойылып кетпеуі үшін барын салып, әуезді әндерін нақышына келтіріп, қоғамдық  жұмыстарға белсене қатысып жүрген «Сағым жылдар» ансамблі 2025 жылы 10 жылдық шығармашылық  мерейтойын атап өтеді.