Аққулыдан келген көпбалалы жас отбасы облыстық байқаудың жеңімпазы атанды
Байқауға 23 отбасы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жастар бастамаларын дамыту орталығында «Өнеге» атты жас отбасылардың байқауы өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған отбасылар сынға түсті.
Әрбір отбасы ән айтып, би билеп, жиналған қауымға өз өнерлерін көрсетті. Аталмыш байқауға «Жебе» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің қызметкері Оразбек Бақытхан да қатысты.
– Мұндай отбасылық байқауға екінші мәрте қатысып отырмыз. Былтыр облыстық фотобайқаудың жеңімпазы атанған едік. Бұл сайыс негізі дәстүрлі түрде өткізілуде. Бұған дейінгі байқауларға қарағанда қуантатыны – отбасылардың саны артқан. Тіпті алыстан ат терлетіп келіп отырған жанұялар бар, – дейді Оразбек Бақытхан.
Ол байқаудың өтетінін бір күн бұрын ғана білген екен. Кеш білсе де отбасы жүлделі жанұялардың тізіміне енді. Байқауда өзінің авторлық әнін отбасымен біге орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің көзайымына айналды.
Байқаудың қорытындысы бойынша, жүлделі үшінші орынға Сапаровтар жанұясы табан тіресе, екінші орынға ұстаздар отбасы Бақытхандар жайғасты. Бірінші орын Аққулы ауданының бес бала тәрбиелеп отырған Мәуітхан әулетіне табысталды. Бұл шаңырақтың ақын отанасы отбасын домбырамен таныстырды. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киіммен ерекшеленген отбасы жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді.
Түрлі аталымдарға ие болған байқауға қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан ыдыстар жиынтығы табысталды. Үшінші орын иегерлеріне шаңсорғыш, екінші орынға электр пеш, бірінші орынға тоңазытқыш сыйға тартылды.