Павлодарлық өрт сөндірушілер ер адамды өртенген үйден алып шықты
Зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 20:21-де Павлодар қаласындағы жеке тұрғын үйде өрт орын алғандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Үшінші өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Қайрат Бексеитов пен бөлімше командирі Бақтияр Нұрмағамбетов жанып жатқан үйден ер адамды шығарып, медициналық қызметкерлерге тапсырды. Ер адам ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, өрт сөндіруші Қайыргелді Қарыбаев үйден газ баллонын эвакуациялады.
Өрт 21:01-де оқшауланып, 21:26-да жойылды. Оқиға орнына 17 адам және 4 техника жұмылдырылды.