Қазақстанның үздік полицейлері Павлодарда күш сынасуда

Қазақстанның үздік полицейлері Павлодарда күш сынасуда
Фото: Константин Шелков

Павлодарда қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионаты басталды. Жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысуда. Олардың басым бөлігі – арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турнирді ұйымдастырушылардың бірі Асылхан Төлеубаевтың айтуынша, әр өңірде спорттың жекелеген түрлері бойынша жарыстар өтеді. Биыл қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатын өткізу Павлодар облысына сеніп тапсырылған.

– Жарыс алдында облыстық турнир ұйымдастырып, оған аудандық бөлімдер мен Павлодар қаласының өкілдерін қатыстырдық. Соның қорытындысы бойынша 57 келіден бастап 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде бірінші орын алған үздік спортшыларды іріктеп алдық. Енді олар республикалық чемпионатта Павлодар облысы полиция департаментінің намысын қорғайды, – деді ол.

Жарысқа арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен қатар, басқа да полиция қызметкерлері мен Қазақстан ІІМ академияларының курсанттары қатысуда. Қарағанды, Қостанай және Алматы академияларынан келген 18–19 жастағы курсанттар тәжірибелі әріптестерімен бірге татамиге шықты. Турнирде жас ерекшелігіне қатаң шектеу қойылмаған. Басты талап – қатысушылардың жақсы физикалық дайындықта болуы.

Ұлттық санаттағы төреші Мереке Менкиннің айтуынша, спорттық қоян-қолтық ұрыста қолмен және аяқпен соққы жасауға, соның ішінде аяқпен бастың бүйір тұсына соғуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, күрес әдістерін, ауырту және тұншықтыру тәсілдерін қолдануға болады. Алайда ережеде бірқатар шектеулер қарастырылған. Мәселен, аяқпен басқа тура соққы жасауға, тіземен және шынтақпен соғуға тыйым салынған. Сондай-ақ аяқты бұрау және өкшеге күш түсіру секілді кейбір ауырту әдістерін қолдануға болмайды.

Қатысушылардың айтуынша, спорттық қоян-қолтық ұрыс толық контактілі және армиялық қоян-қолтық ұрыстан ерекшеленеді. Армиялық бағытта спортшылар арнайы бетперде киіп, жекпе-жекке шығады. Бұл спорт түрінде басқа және тіземен соққы жасау сияқты әдістерді қоса алғанда, соққы техникасының кеңірек түрлерін қолдануға рұқсат етіледі.

Жекпе-жектердің қарқынды әрі тартысты өтетініне қарамастан, спортшылар өз әріптестерімен күш сынасуды қалыпты жағдай деп санайды. Өйткені бұл – әр қатысушы өзінің дайындығын, техникасын және физикалық төзімділігін көрсететін спорттық бәсеке.

Жекпе-жек барысында спортшылардың қарсыласына жасаған нәтижелі соққылары мен әдістері бағаланады. Қатысушылар бастан және денеден соққы алмасып, кейде бірінен соң бірі шабуыл жасайды. Дегенмен көп жағдайда олар күрес әдістеріне көшіп, ережеде рұқсат етілген ауырту және тұншықтыру тәсілдерін қолдану арқылы басымдыққа ие болып, жеңіске жетуге тырысады.

Айта кетелік, турнирдің жеңімпаздары ертең яғни 29 қазанда белгілі болады.