Павлодарлық тұрғын полицейге пара ұсынды
Заң бұзушы жазадан жеңіл құтылмақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ер адамның көлігі жол-көлік оқиғасы жөніндегі қылмыстық іс бойынша тіркелген болатын. Тергеу барысында барлық қажетті сараптамаларды жүргізе отырып, облыстық ПД анықтау басқармасының анықтаушысы көлік иесіне айып тұрағынан автокөлікті алу тәртібін түсіндірді.
Полиция қызметкері ер адам кеткеннен кейін қағаздардың арасынан қолма-қол ақшаны тапты. Бұл туралы дереу 102 операторының пультіне хабарлады.
– Бейнекамераны қарау барысында ер адам анықтаушының қызметтік кабинетінде болған кезде қағаздар арасына ақшалай қаражат салғаны анықталды,– деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Рашад Өтеуов.
Аталмыш факті тіркеліп, материал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментіне берілді.