Екібастұзда қоғамдық орындардағы жарылғыш туралы ақпарат – жалған

Полиция тексеру кезінде ештеңе тапқан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған хаттың мазмұнында «Егер сіз білмейтін болсаңыз, онда бәрі өледі. Қаланың қоғамдық орындарында мен және менің командам жарылыс ұйымдастырады» деп жазылған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде жіберілетін ақпарат жалған, алаңдауға негіз жоқ.
– Сонымен қатар, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция «Жалған террористің» орналасқан жерін анықтау және оны ұстау бойынша жұмыс жүргізуде, – деді департаментте.
Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында 273-бап көзделгенін ескертеді, соған сәйкес жасаған адам бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Айта кетейік, полицияға күн сайын жүздеген қоңырау түседі, бірақ, өкінішке орай, олардың арасында жалған да бар. Жедел қызметтер кез келген хабарламаға жауап беруге міндетті. Төтенше жағдайлар қызметі жалған қоңырауға жауап беріп жатқанда біреуге нақты көмек қажет болуы мүмкін.