Павлодарлықтар «Мектепке жол» акциясына қатыса алады
Дәстүрлі шара 1 тамыз күні бастау алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, биыл ауқымды акция «Жақсылықты жаса» ұранымен өтеді.
- Павлодар облысында 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты - аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына орай материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуін алдын алу, - делінген хабарламада.
Акция аясында қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, әлеуметтік әріптестерді, мемлекеттік құрылымдарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсеткісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша білім беру бөліміне немесе тікелей білім беру ұйымына жүгіне алады.
Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін «жедел желілер», «сенім» телефондарының жұмысы ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, өткен оқу жылында демеушілер, әлеуметтік әріптестер 80 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсеткен болатын.