Павлодарда мемлекеттің және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі сарапталды

Торайғыров университетінің базасында сараптамалық-талдамалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ұлттық құрылтай – мемлекеттің және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі арқылы жасампаз құндылықтарды ілгерілету» атты дөңгелек үстел отырысына қоғам қайраткерлері, облыстың жоғары оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер мен магистранттар қатысты.
– Дөңгелек үстелде талқыланатын тақырып Бурабайда өткен төртінші ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген мәселелері таңдап алынды. Сала өкілдерін тыңдап, олардың ойлары, пікірлерімен өзара алмастық. Қандай салада қызмет жасап жүрсек те барлығымыз үшін мақсат, міндет бір. Себебі ұлттық құрылтайда көтерілетін мәселелер бүкіл ел үшін ортақ, – дейді с.ғ.д., профессор Арман Ақышев.
Профессор жиынға белсенді түрде жастардың қатысып отырғаны, өз жастарына қарамай позицияларын, өз көзқарастарын жеткізуге дайын екенідігі қуантады екенін атап өтті.
Жиында Торайғыров университетінің студенті, жастар саясаты және әлеуметтік істер жөніндегі департаменттің студенттік сенаторы Нұржан Бауыржан ұлттық төртінші құрылтайдан кейін өз жұмыстары үшін жаңа шабыт алғандарын тілге тиек етті.
– Бұл бір жылдық еңбегімізді саралап, болашаққа бағыт-бағдар беретін маңызды іс-шара. Осы бір жыл ішінде біз – Торайғыров университетінің жастары өте көп жұмыстар атқардық. Оның ішінде жүзден астам волонтерлік шараларға қатысып, түрлі әлеуметтік жобаларға атсалыстық. Арнайы бағдарламалар аясында қоршаған ортаны қорғауға үлес қостық, түрлі акцияла өткізіп, әлеуметтік жауапкершілікті көрсеттік. Ғылыми бағытта инновациялық жобалар жасадық. Аймақтық және республикалық деңгейдегі форумдарға, жастар кеңестеріне белсене қатыстық. Бұл жай ғана іс шара емес, бұл жастардың жанашырлығының, ұйымшылдығының, жауапкершілігінің, болашаққа деген сенімінің көрінісі, – дейді Нұржан Бауыржан.
Айта кетейік, 2025 жылдың 14 наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда елдің болашағына бағытталған өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар білім және ғылым, мәдениет, өнер, руханият, әлеуметтік-экономикалық даму салалары бойынша 120-дан астам ұсыныс енгізді.