Павлодарлықтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алды

Павлодарлықтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алды
Фото: Валерий Бугаев

Тұрғындар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік пен даңқ мерекесі» атты салтанатты іс-шара өтті. Майдан даласында қаза болған батырларды еске алуға мыңдаған павлодарлықтар келді. Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

Аймақ басшысы жиналғандарды Жеңіс мерекесімен құттықтады. Павлодарлықтар бір минут үнсіздікпен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алды. Жеңімпаз жауынгерлердің құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

- Бейбітшілік пен бостандық жолында күрескен барлық жанға басымды иіп, алғысымды білдіремін. От пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы ардагерлерімізді мақтан тұтамыз. Өскелең ұрпақтың соғыс жылдарындағы ауыр күндер мен қиындықтарды есте ұстап, еркін және тәуелсіз елде өмір сүруіміз үшін опат болған батырларды еске алуы маңызды, – деді Асайын Байханов.

Павлодар Ертіс өңірінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі орасан зор: өңірден майданға 46 000 адам аттанып, олардың 22 000-нан астамы үйлеріне қайтып оралмады. Павлодарлықтар соғыстың барлық ірі шайқастарына қатысты. 10 мыңнан астам жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды. Облыстың 31 тұрғыны Кеңес Одағының батыры атағын алды,  8 адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды.

Мереке қарсаңында облыс әкімі Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір ардагерге барып, алғысын білдіріп, мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

9 мамыр мерекесі орталық мәдениет және демалыс саябағында шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен жалғасты. Кешке Ertis Promenade сахнасында соғыс жылдарындағы әндер шырқалатын мерекелік концерт өтеді. Жеңіс күні мерекелік отшашумен аяқталады.