Павлодарлық студенттер Мәңгілік алау маңында көгершін ұшырды

Павлодарлық студенттер Мәңгілік алау маңында көгершін ұшырды

Олар майдангерлерге тағзым етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Акцияға IT-колледжінің студенттерімен бірге алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Нұрлан Нұрпейісов те қатысты.

Жастар Жеңіс күніне орай Даңқ обелискінде гүл шоқтарын қойып, соғыс тақырыбындағы бірнеше өлең оқыды және ақ көгершіндерді көкке ұшырды.

– Ересектердің басты міндеті – Ұлы Отан соғысы туралы тарихты жастарға жеткізу, – дейді АӘД пәнінің мұғалімі Нұрлан Нұрпейісов. – Өкінішке қарай, бүгінде көпшілік сол жылдардағы оқиғалардың еліміздің тұрғындарына қалай әсер еткенін толық түсіне бермейді. Қазақстандағы әрбір отбасында фашизмге қарсы соғысқан немесе тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан адамдар болған. Сондықтан біз олардың рухына құрмет көрсетіп, жерімізде бейбітшілікті сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Мәңгілік алауға келген студенттердің арасында 80 жыл бұрын болған соғыс туралы көп білетіндер де болды. Наргиз Елеусізова бала кезінен бастап соғыс даласында ерлік көрсеткен қазақстандықтар жайлы көбірек білгісі келгенін айтады.

– ҰОС ардагерлерінің үлгісі – біз үшін батырлықтың, рухани күштің және шынайы отансүйгіштіктің сабағы. Біз Ұлы Жеңістің бағасын ешқашан ұмытпауымыз керектігін түсінеміз. Біздің борышымыз – осы тарихи оқиғаларды есте сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ, ардагерлер мен сол жылдардың куәгерлеріне құрмет көрсетіп, қолдау білдіру, – дейді Ақпараттық технологиялар колледжінің студенті.