Павлодарда кардиоорталыққа аудандардан бірнеше адам жеткізілді
Медавиация өткен аптада жеті өтінімді пысықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, барлық шақыру жерүсті санитарлық көлігімен орындалды. Железин ауданынан жеткізілген 63 жастағы ер адам кардиолог-мамандардың бақылауына тапсырылды. Жүректің ишемиялық ауруы бар науқас инфаркт алған. Оны Павлодарға реаниматологиялық бригада жеткізді.
15 ақпанда медициналық авиацияға бірден төрт өтінім түсті. Екі рет қызмет мамандары Тереңкөл ауданына барды. Бірінші жағдайда инсульт алған 77 жастағы әйел облыстық жүрек орталығына жеткізілді. Екінші жағдайда дәрігерлер 55 жастағы ер адамды политравмамен және бірінші дәрежелі травматикалық шокпен тасымалдады. Науқасты № 1 Павлодар қалалық ауруханасының мамандары бақылауға алды.
Сондай-ақ, өткен бейсенбіде медавиация өкілдері Ертіс ауданынан Павлодарға инсульт алған 75 жастағы әйелді тасымалдады. Реаниматологиялық бригада оны ауданнан облыстық кардиоорталыққа ауыстырды. Осыған ұқсас диагнозбен Ақсудан 60 жастағы әйел жеткізілген.
– Біз әлі де барлық өтінімдерді жер үсті көлігімен орындаймыз, – деп атап өтті медициналық авиация меңгерушісі Алмагүл Бесембинова. – Кез келген жағдайда біздің қызмет барлық қоңырауларды қысқа мерзімде пысықтайды. Межелі пунктке дейінгі қашықтыққа байланысты өтінімдерді пысықтау уақыты 2-ден 4,5 сағатқа дейін құрайды.
Екібастұз перзентханасынан реаниматологиялық бригада жүктіліктің 25 аптасында 27 жастағы әйелді облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Сондай-ақ ауруханадан тыс пневмония және тыныс алу жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 40 жастағы ер адамға мамандардың көмегі қажет болды. Өкпе эмболиясы жағдайды қиындатты. Осыған байланысты науқас аймақтық жүрек орталығына жеткізілді.