ERG жүргізушісіз жүк көліктерімен 1 млн тонна тау массасын тасымалдады
Қазақстанда алғаш рет өндірістік міндеттерді шешу үшін жүргізушісіз ауыр жүк көліктері қолданыла бастады. ERG компаниясы енгізген бұл инновациялық шешім тау-кен саласындағы өнімділікті арттырып, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның «Восточный» кенішінде осындай үш роботтандырылған жүк көлігі үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
Жаңа технология – өндірістің болашағы
Жүргізушісіз жүк көліктері тиеу-түсіру алаңдары арасында тау-кен массасын үздіксіз тасымалдауда. Бұл шешім өндірістегі тиімділікті арттырып, адам факторын азайту арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. ERG Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажановтың айтуынша, 2023 жылдың тамыз айында басталған бұл жоба аясында бірнеше ай ішінде 1 миллион тоннадан астам тау массасы тасымалданды. Компания 2027 жылға дейін шикізат көлемін 115 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
– Біз әлемдік үздік тәжірибелерді зерттеп, сынақтар өткізіп жатырмыз. Жақын болашақта басқа да карьерлерде жүргізушісіз техниканы енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Серік Шахажанов.
Роботтандырылған техника – жаңа мүмкіндіктер
Қазіргі таңда жүргізушісіз жүк көліктері екі адамнан тұратын арнайы мамандар тобымен басқарылады. Жүргізуші-оператор жүк көліктерінің қозғалысын, жылдамдығын және қауіпсіздігін бақылайды, ал сервистік инженер техникалық қызмет көрсетіп, маршруттарды нақтылап отырады. Барлық жүргізушілер роботтандырылған техникамен жұмыс істеу үшін қайта даярлықтан өтті.
ERG құрамындағы Business & Technology Services компаниясының ТМК роботтандыру жөніндегі сарапшысы Евгений Фадеевтің айтуынша, жүргізушісіз техниканы енгізу – компанияның цифрлық трансформация стратегиясының бір бөлігі.
– Бұл – өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, мамандарға да жаңа талаптар қояды. Бұрын жүк көліктерін жүргізушілер басқарса, енді операторлар бұл процесті арнайы орталықтан бақылап, басқара алады, – деді ол.
Қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру
Жүргізушісіз көліктерді енгізу тау-кен өндірісіндегі қауіп-қатерлерді азайтуға және операциялардың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. «Восточный» кенішінің мамандары, Business & Technology Services (BTS) ІТ-мамандары және мердігер ұйым өкілдері бірлесіп, жаңа технологияның тиімділігін дәлелдеді.
Бұл бастама тау-кен саласын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды қадам болып табылады. ERG осындай жобалар арқылы Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі технологиялық көшбасшылығын нығайта түсуде.
Айта кетейік, Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында қызмет ететін әлемдегі ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Компания феррохром мен кобальт өндірісінде әлемдік көшбасшылардың қатарында, сондай-ақ Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіруші жалғыз кәсіпорын. ERG – Қазақстанның тау-кен, металлургия саласының төрттен бірін құрайды және Орталық Азиядағы электр қуатының негізгі жеткізушілерінің бірі болып табылады.
ERG – Бүкіләлемдік экономикалық форум аясында құрылған Аккумуляторлы батареялар секторына арналған жаһандық альянстың (GBA) құрылтайшы-серіктесі. Бұл альянс электромобильдер мен гаджеттер өндірісіндегі жауапты және инклюзивті жеткізілім тізбегін дамытуға бағытталған.
Жарнамалық мақала