Пилотсыз технология: Павлодарда су тасқыны мен өртке қарсы ғылыми жобалар ұсынылды
Барлығы 20-ға жуық жоба таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде ЖОО ғалымдары төтенше жағдайларды болжауға және алдын алуға бағытталған ғылыми әзірлемелерін ұсынды.
Іс-шараға жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, «Қазгидромет» РМК Павлодар облысы бойынша филиалы және ветеринария басқармасының өкілдері қатысты.
– Ғалымдар прогреске қолын созып қана қоймай, адамзаттың қауіпсіздігін де қорғауда. «Мықты ЖОО – мықты өңір» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар бар. Университет ғалымдарының идеялары мен әзірлемелері Павлодар облысында өз қолданысын табады деп үміттенемін. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Ғалымдар мемлекеттік органдарға елді мекендерді еріген су басуының алдын алуға, гидрологиялық мониторингтің автоматты жүйесін әзірлеуге, жасанды интеллектті қолдана отырып, өрттер мен су тасқынына ден қоюдың геоақпараттық жүйесін құруға арналған 20-ға жуық жобаны таныстырды. Сондай-ақ Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірге пилотсыз технологияны (түтін, өрт) пайдалана отырып, қоршаған ортаны мониторингілеу жүйесін жобалауға бағытталған жоба ұсынылды. Бұл жобалар жергілікті атқарушы органдардың, төтенше қызметтер мен құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдете алады.