Павлодарлық тау тұлғалардың жеке заттары алғаш рет Петропавлда көрсетілді
Онда жүзге жуық музей заты қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Петропавл қаласының Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейінде «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шара Павлодар Ертіс өңірінің белгілі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығымен таныстыруға, ғылыми мұраны насихаттауға және сақтауға, елдің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тұлғаларға келушілердің назарын аударып, сондай-ақ өңіраралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
«Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» көрмесінің экспозициясында көрнекті тұлғалардың шынайы құнды заттары — сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, жеке заттар, қолжазбалар, тұрмыстық заттар және ұрпақтар үшін ұлттық мәдениеттің символына айналған ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын басқа да материалдар басты орын алды.
– Павлодар облысы - көптеген көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, белгілі ақындар мен жазушылардың, дарынды әртістер мен музыканттардың Отаны, – деп жазылған хабарламада.
Көрмеге қойылған құнды жәдігерлердің қатарында - Мұса Шормановтың шырағданы, Шәкен Аймановтың сахналық киімдері, Майра Шамсутдинованың жеке киімдері мен «Тальянка» сырнайы бар.
Айта кетейік, көрме 1 тамызға дейін жұмыс істейді.