Павлодар облысына тұрақты тұруға көбінесе Ресейден қоныс аударуда
Биыл көрші мемлекеттен келген қандастардың саны 200-ге жуық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Дәулет Ысқақов мәлім етті.
– 2024 жылдың үш айында облыс аумағында 1788 шетелдік уақытша тіркелді, – деді спикер. – Оның 156-ы – алыс шетелдердің азаматтары және 1632-сі – ТМД елдерінің азаматтары. Сонымен қатар, облыстың 211 тұрғынына атап айтқанда, 58 алыс шет елдерге, 153 ТМД елдеріне тұрақты тұруға елден шығуға материалдары қаралып, рұқсаттар берілді.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыста тұрақты тұруға 363 шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тіркелген. Оның ішінде 174 қазақ ұлты.
Басқарма басшысы шетел азаматтарының көбісі көршілес ел Ресейден, яғни 150-200 болса, қалғаны Монғолия және Түркмения Республикаларынан.
Қазіргі уақытта облыста 9 005 шетелдік азамат тұрақты тұрады. Оның ішінде алыс шет елдерден 1761, 7244 ТМД елдерінің азаматтары. Сондай-ақ 326 азаматтығы жоқ адамдар.
- Азаматтығы жоқ адамдарды, яғни алыс шетелдердің азаматтарын алсақ, мысалы Германия, Израиль сияқты мемлекеттерден көшкісі келсе онда олар біздің елдің азаматтығын алу үшін алдымен өз елінің азаматтығынан шығуы керек, – деді Дәулет Ысқақов. – Тиісінше, олар бізге азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама береді және біз оларды азаматтығы жоқ адамдар деп танимыз. Содан кейін, олар белгілі бір мерзімде өмір сүргеннен кейін ҚР азаматтығын қабылдай алады.
Айта кетейік, ҚР азаматтығына 291 шетел азаматы қабылданды, оның ішінде 274 қазақ ұлты. Көші – қон бақылауын жүзеге асыру барысында ҚР болу ережелерін бұзғаны үшін 432 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы 232 іс жіберілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша сот елден 37 шетелдікті шығару туралы шешім қабылдаған. Бұдан бөлек, шетелдіктің келгені туралы органдарды хабардар етпегені үшін 250 әкімшілік материал толтырылған.