Пышақ сұққан: Баянауылда мас ер адам танысын өлтіргені үшін сотталды
Сотта айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қылмыстық іс ҚР ҚҚ 99-бабы 1-бөлігі бойынша Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды.
Биылғы жылдың сәуір айында Баянауыл ауданының Ақсаң ауылдық округінде екі ер адам шаруа қожалықтың аумағында ішімдік ішкен. Олар мас күйінде жанжалдасып, арты қайғылы оқиғаға әкеліп соқты. Ер адам танысына сол жақтағы кеуде қуысының артқы жағына пышақпен екі рет соққы жасады. Салдарынан танысы көп қан жоғалтып, алған жарақаттардан қайтыс болды.
Сотта айыпталушы қасақана өлтіру мақсаты болмағанын айтып, жазаны жеңілдету үшін істі басқа бапқа (ҚР ҚҚ 106-бабының 3-бөлігі) ауыстыруды сұраған.
Ер адамның кінәсі куәгерлермен және сараптамалармен, басқа да айғақтармен дәлелденді.
– Сот жеңілдететін мән-жайларды, кінәні ішінара мойындауды, оң сипаттаманы және ауырлататын мән-жайларды – алкогольдік мас күйінде қылмыс жасағанын ескере отырып, ер адамды ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, – делінген үкімде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.