Шалдай орманындағы бір күн: Оқушылар резерваттың жұмысымен танысты

Шалдай орманындағы бір күн: Оқушылар резерваттың жұмысымен танысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жасөспірімдер резерват нысандарын аралап, табиғатты қорғау бойынша ақпараттармен қанықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ертіс орманы» табиғи резерватының мәлімдеуінше, шараны «Марш парктер – 2026» халықаралық табиғат қорғау акциясы аясында туризм және экологиялық ағарту бөлімінің мамандары ұйымдастырған. Тұмса табиғаттың тынысымен танысуға Шарбақты ауданының №2 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары тартылған.

Іс-шара барысында оқушылар резерваттың қызметімен, табиғи байлығымен және орман экожүйелерін қорғау мен сақтауға бағытталған негізгі жұмыстарымен танысты. Балалар дендросаябақта болып, ағаштар мен бұталардың түрлері туралы мағлұмат алды, сондай-ақ орман өрттерін сөндіру кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алды.

– Экскурсия Шалдай филиалының нысандарында жалғасты. Оқушылар Бурабай орманшылығында, орман өрт сөндіру станциясында, автокөлік пунктінде, авиациялық бөлімшеде, орман тұқымбағында және бүршік кептіру цехында болды, - дейді резерват мамандары. 

Ұйымдастырушылар ормандарды қорғау, сақтау және қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып, орман өрттерінің алдын алу мен оларды сөндіруде қолданылатын арнайы техника мен жабдықтарды көрсетті.

Сонымен қатар, оқушылар шекара заставасында болып, мемлекеттік шекараны қорғау қызметінің ерекшеліктерімен танысты.

Экскурсия оқушылар үшін қызықты саяхат қана емес, сонымен қатар, экологиялық тәрбие берудің маңызды сабағына айналды. Ол туған өлкенің табиғатын тереңірек танып-білуге, орман мен қоршаған ортаны сақтауға күн сайын үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалауға мүмкіндік берді.