Шарбақты ауданында жол жүру уақыты қысқарды
Келесі жылы толықтай 12 көшені асфальттау жоспарда бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақтыға барған жұмыс сапары барысында жол жөндеу жұмыстарын тексерді.
– Қазіргі таңда қысқа көшелер бойынша жұмыс аяқталмаған. Сондай-ақ, әкімдік жанында орналасқан орталық Тәуелсіздік және екі шақырымды құрайтын Әлімбаев көшелері қалды, – дейді аудан әкімі Марат Кожимов.
Оның айтуынша, жоба бойынша 12 көшені асфальттау көзделуде. Бүгінде облыстық маңызы бар жолдардың барлығында асфальт төселінген. Аудан бойынша 24 шақырымдық Александровка, Алексеевка ауылдары жолдарының жөндеу жұмыстары бар. Жоба келесі жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
– Халық ризашылығын білдірді. Мәселен, Богодаровка ауылына баратын 45 минуттық жол 15 минутқа қысқартылды, – дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байханов ауылдарда жол жөндеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы жолдарға ерекше назар аударады. Аталмыш мәселеге дұрыс көңіл бөлмеген жағдайда ауылдарда адамдар тұрмайды. Әрине, арнайы мердігерлер жұмысты толықтай жақсы орындауы шарт. Ақша бөлінсе де, өкінішке орай, нәтиже біз күткендей болмайды. Бұл жиі болып тұрады, – деді аймақ басшысы.
Депутат Виталий Соломкин барлық жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі жоғары деңгейде атқарылғанын жеткізді.
– Сізге алғысымызды білдіреміз. Шарбақты ауданына бөлінген ақшадан әр ауылға басшылықпен, «AMANAT» партиясымен бірлесіп, ерекше көңіл бөлінді, – дейді депутат.
Оның айтуынша, алдағы уақытта хоккей кортын ашу жоспарлануда.
– Бұл – барлық белсенді тұрғындардың ортақ еңбегі. Халық өте белсенді. Билік тарапынан қандай да бір кемшіліктер болса, оған бірден назар аударылады, – деп жауап берді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс шекарасында орналасқан 24,7 шақырымды құрайтын Шарбақты-Солтүстік автомобиль жолының орташа жөндеуі басталды.
– Келісімшарт 5 қыркүйекте жасалды. Нысанға бөлінген сома – 1 млрд 105 млн теңге, – дейді «ИНЭК» ЖШС директоры, павлодарлық мердігер Дина Серікпаева.
Мердігердің сөзінше, биылғы жылы компания облыс бойынша жүз шақырымға жуық жол жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл – Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандары.
Аймақ басшысы барлық жұмыстарды қадағалауға және ауыл жағдайын жақсарту үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.