Дәрігер, байланыс жоқ: Павлодар оқу-сауықтыру орталығының жай-күйі

Павлодар облысы балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева ата-аналардың өтініші бойынша қалалық білім беру бөлімінің қарамағындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жоспарсыз барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мекемеде 2024-2025 оқу жылының жоспары бойынша 15 күннен қамтитын 18 ауысым қарастырылған. Штаттық кестеге сәйкес орталықта 13 пән мұғалімі, төрт кеңесші, жеті тәрбиеші, төрт медбике және бір дәрігер жұмыс істеуі керек. 2024 жылдың 2 желтоқсанынан бастап орталыққа Павлодар қаласының мектептерінен 5-9-сыныптардың 86 оқушысы келген. Іс жүзінде 2024 жылғы 6 желтоқсандағы жағдай бойынша, бір кеңесші, бір пән мұғалімі және дәрігер лауазымдары бос.
– Оқу корпусы мен медициналық корпус салқын, – деп жазды Сәуле Шәкенева Іnstagram парақшасында. – Тұратын корпус жылырақ, бірақ балалардың айтуынша, түнде салқын болады. Жатын бөлмелерінде бояудың иісі сезілетін сияқты. Балалар сұйық сабынның орнына қатты сабын пайдаланады. Тек бір қонақ бөлмесінде өткен ғасырдан қалған екі креслосы бар диван тұр, ал басқаларында еденде кілемдер ғана төселген.
Өңірлік өкіл орталықта кездейсоқ Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева мен білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинмен кездесіп қалған. Олар да ата-аналардың шағымы бойынша келген.
– Қуаныш Төлегенұлы орталықта дәрігердің орны бос екенін білмегенін айтады. Ал маусымның ашылғанына төрт күн болған, яғни осы уақыт бойы 86 бала дәрігердің бақылауынсыз жүрген. Абырой болғанда, барлығы дін аман. «Балдәурен» орталығы Павлодар қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Ал жақын маңдағы Мичурин ауылындағы емдеу мекемесі бұл орталыққа қызмет көрсетпейді. Яғни, медициналық көмек қажет болса, Павлодардан қыста жету үшін қанша уақыт кетеді? – дейді Сәуле Шәкенева.
Бұдан бөлек, орталықтағы мәселелердің бірі – тұрақты ұялы байланыстың жоқтығы. «Қазақтелеком» өз антеннасын күзде қайтадан бөлшектеп тастаған.
– Анықталған кемшіліктердің барлығы тез арада жойылады деп сенемін, – дейді өңірлік уәкіл.
Десе де, ол қандай жағдай болса да орталықтағы балалардың көңіл күйі жақсы екенін айтады. Мекемеде тұз шахтасы жұмыс істейді, оттегі коктейлі және дәмді тағамдар дайындалады.