Павлодардағы әлеуметтік жоба ерекше жандарға қалай көмектеседі

Әлеуметтік жоба үшінші жыл бұрын қолға алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы уақыт аралығында бастамашыл топ өңірдің барлық аудандары мен қалаларын аралап, мүмкіндігі шектеулі жастармен кездесулер ұйымдастырды.
Айжан Әбілова (сұхбат берушінің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілген) – ерекше жасөспірімнің анасы. Ол қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесуге 14 жастағы үйде білім алатын ұлы Әлтәйір (аты өзгертілген) үшін шығармашылықпен айналысу мүмкіндіктерін іздеп келді.
– Ұлым өте зерек, дарыны бар. Оған аутизм диагнозы қойылған, бірақ ол күн сайын бізді таңғалдыра алады. Сөзжұмбақтарды үлкен ықыласпен шешеді, ал сөздіктің көмегімен сөздерді бес тілге аудара алады. Оның шығармашылық дамуына серпін беретін үйірме немесе арт-терапия сияқты бағыттарды тапқым келеді. Баламның шабыттанып, төрт қабырғада қамалып қалмағанын қалаймын, – дейді анасы.
«Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельваганың айтуынша, бұл жоба тек мүмкіндігі шектеулі жастарға ғана емес, олардың отбасыларына да арналған.
– Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары көп, бірақ ол мәліметтер түрлі заңдарда шашыраңқы. Олардың барлығын бір жерге жинап, зерделеу ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қиын. Оның үстіне, мүгедектігі бар баланы күту тәулік бойы үлкен күйзеліске айналады. Біз оларға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын, мысалы, табыс салығынан босатылу немесе қате ұстаған салықты қайтару жөнінде кеңес бере аламыз. Сондай-ақ салық органына немесе жұмыс берушіге өтініш жазуға көмектесеміз, – деп түсіндірді Евгения Стельвага.
Көп қойылатын сұрақтардың бірі – мүгедектік тобына қатысты келіспеушілік, әлеуметтік-психологиялық патронаж, сондай-ақ жалпы наркоз арқылы стоматологиялық көмек алу қажеттілігі. Алайда, бұл медициналық қызметтер заң бойынша тек 18 жасқа дейінгі балаларға ғана қолжетімді.
– Кейде ата-аналарға баласының диагнозын қабылдауда психологиялық қолдау қажет. Бұл тек ананың емес, бүкіл отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Біз жағдайды шынайы бағалауға көмектесеміз. Сонымен қатар, ата-аналар балалардың оқу мүмкіндігіне алаңдайды. Бүгінде ЖОО мен колледждер ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған жеке оқу бағдарламаларын әзірлей алады. Қажет болған жағдайда икемді шарттар жасалып, жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ, осындай студенттердің ақылы оқуын ішінара қаржыландыратын қор да бар, – дейді ол.
Биылғы жылдың жаңалығы – оффлайн кездесулермен қатар онлайн-кеңестердің іске қосылуы. Ата-аналар мен қатысушылардың сұранысы бойынша әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер басталды.
– Көпшілікке, мысалы, медициналық қызметке, тұрғын үйге кезекке тұру тәртібі түсініксіз. Осыған байланысты біз ХҚКО, медициналық сақтандыру қоры және денсаулық сақтау басқармасы мамандарын шақырамыз. e-Otinish порталы арқылы өтініш берудің қадамдарын түсіндіретін шеберлік сағатын өткіземіз, – дейді жоба авторлары.
Жобаның басты мақсаттарының бірі — қала мен ауыл арасындағы ақпарат пен қызметтерге қолжетімділік теңсіздігін азайту. Жоба авторлары барлық тұрғындар үшін мүмкіндіктерді теңестіруге және қолдауды жақындатуға ұмтылады. Әр кездесуге кемінде 20 адам келеді, және әрқайсысының жеке сұрағы мен қажеттілігі бар. Кеңсе Павлодар қаласы, Академик Сәтбаев көшесі, 99 мекенжайында орналасқан.